Accessibility links

Байден Украина қорғанысына 8 млрд доллар бөлінеді деді


Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Джо Байден
Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Джо Байден

АҚШ президентінің әкімшілігі Украинаның қорғанысына қосымша 8 млрд доллар бөледі. Бұл туралы 26 қыркүйекте АҚШ президенті Джо Байден Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуі алдында хабарлады.

Ақ үйдің хабарлауынша, Байден қорғаныс министрлігіне Украинаға көмекке бұған дейін конгресс мақұлдаған бар қаржыны жіберуді тапсырған. Яғни, АҚШ Украинаға құны 5,5 млрд доллар болатын әскери техника жібермек. Бұл қарулар Пентагонның қорынан алынады.

Бұған қоса, АҚШ билігі құрған Украинаның қауіпсіздігі бойынша бастамасы қорынан құны 2,4 млрд доллар болатын қару-жарақ жеткізіледі. Украинаға берілетін қарулардың ішінде әуе шабуылына қарсы жаңа қорғаныс жүйелері, соның ішінде тағы бір "Patriot" жүйесі, дрондар, ракеталар бар.

БайденУкраинаның алысқа ұшатын қарулармен шабуылдау мүмкіндігін арттыру үшін Киевке JSOW (Joint Standoff Weapon) әуе бомбаларын жеткізу туралы шешім қабылдаған. JSOW бомбалары 110 шақырымға дейін жетеді (ATACMS зымырандарынан аз). Украина JSOW бомбаларын Ресей аумағындағы нысандарға шабуыл жасауға қолдана ала ма, жоқ па, ол жайлы айтылмады.

Бұдан бөлек, Вашингтон Украинаның әскери өнеркәсібін күшейтуге де қаржы бермек.

Байден Украина ұшқыштарын F-16 жойғыш ұшақтарын ұшыруға дайындауды күшейтуді тапсырды, 2025 жылы бағдарламаға қосымша 18 ұшқыш қатысады.

Байден мәлімдемесінде "АҚШ Украинаға соғыста жеңіске жетуге қажетті қолдау көрсете береді" деген.

Байден айтқан қаржы бұған дейін конгресс мақұлдаған бюджетке кіреді, бұл қаржыны тікелей жіберуге президенттің қосымша рұқсаты керек еді. Бар қаржы биыл жыл соңына дейін не Байденнің президенттік мерзімі аяқталғанға дейін, бөлінуі керек. Байден президенттікте 2025 жылдың 20 қаңтарына дейін отырады.

Владимир Зеленский әлеуметтік желіде Киевке қолдау көрсеткен АҚШ президентіне, конгрестегі екі партияға және Америка халқына алғыс айтты.

БҰҰ-да бейбітшілік туралы сөз болып жатқанда Ресей Украинаны атқылады
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:00 0:00

Мұның алдында Зеленский Байденмен бірге "Үлкен жетілік" (G7) лидерлері мен Украина отырысында кездескен. Енді Ақ үйде АҚШ президентімен жан-жақты келіссөз жүргізбек. Зеленский оған Киевтің "жеңіс жоспары" таныстырады.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Зеленский Байденнен батыс қаруларымен Ресей аумағына шабуыл жасауға рұқсат сұрамақ. Бұған қоса, Зеленский Украинаны НАТО-ға ресми шақырту жайлы да сөйлесетіні айтылды.

АҚШ бұған дейін Украинаға алысқа жететін ATACMS зымырандарын берген. Бірақ Киев бұл ракеталарды тек Украина аумағында қорғаныс мақсатында қолдана алады.

Ресей президенті Владимир Путин "Киев режиміне Батыс қаруымен Ресей жерін атуға рұқсат берілсе, бұл НАТО елдерінің, Ақш пен Еуропа елдерінің Украинадағы соғысқа тікелей араласқанын білдіреді" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG