Accessibility links

Израиль Ливандағы "Хезболлаға" қарсы операцияға дайындалып жатқанын айтты


Израиль армиясы бас штабының басшысы Герци Халеви (сол жақта) сарбаздармен сөйлесіп отыр. 25 қыркүйек, 2024 жыл.
Израиль армиясы бас штабының басшысы Герци Халеви (сол жақта) сарбаздармен сөйлесіп отыр. 25 қыркүйек, 2024 жыл.

Израиль армиясы бас штабының басшысы Герци Халеви Ливандағы "Хезболла" тобына қарсы құрлықта операция бастауға дайындық жүріп жатыр деп хабарлады. "Хезболланы" АҚШ және Батыстағы бірқатар ел террористік ұйым деп таныған.

Халеви армия жаттығуы кезінде беренді танк бригадасы әскери қызметкерлеріне "ұшақтар дауысын естіп тұрсыздар ма? Біз күні бойы шабуылдадық. Мұны Ливанда басталуы мүмкін шабуылға дайындыққа, "Хезболлаға" соққы беруді жалғастыру үшін істеп жатырмыз" деді. Ол Израиль армиясының тоқтайтын ойы жоқ деп мәлімдеді.

Израиль бас штабының қолбасшысы 25 қыркүйекте Ливаннан Тель-Авивке ұшқан зымыранға қарымта қайтарамыз деп уәде берді.

Халевидің сөзінше, "Хезболлаға" қарсы операцияның мақсаты – Израильдің солтүстігінен кетуге мәжбүр болған тұрғындарды үйіне қайтару. "Осы үшін құрлықта маневр жасауды дайындап жатырмыз", – деді Халеви.

Халевидің мәлімдемесі АҚШ аймақтағы шиеленісті одан әрі ушықтыруға жол бермеу үшін қақтығысты тоқтата тұруды талап етіп, қысымды күшейтіп жатқан шақта шықты.

Украинаның үміті, тынышы кеткен Ливан, Kaspi банк дауы – AzatNEWS | 24.09.2024
please wait

No media source currently available

0:00 0:28:11 0:00

25 қыркүйекте Ливан билігі Израильдің үш күннен бері жасап жатқан шабуылынан 600-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған адам жараланды деп мәлімдеді. БҰҰ мәліметінше, 23 қыркүйектен бері Ливанда 90 мың адам мекен-жайын тастап қашқан.

"Хезболла" Газа секторындағы шайқас тоқтайтын болса, өзі де қақтығысты доғаратынын айтты. Израиль ХАМАС тобының былтыр қазанда елдің оңтүстігіне жасаған шабуылына қарымта ретінде Газа секторында операция жүргізіп жатыр. ХАМАС шабуылынан мыңнан астам адам қаза тауып, АҚШ пен Еуроодақ "террористік ұйым" деп таныған топ 250-ден астам адамды Газаға кепілге алып кеткен. Олардың жартысына жуығы ХАМАС тұтқынында отыр, қанша адам тірі қалғаны белгісіз.

"Хезболла" тобының Израильмен шектесетін Ливанда ықпалы күшті. ХАМАС тобы 2023 жылы қазанда Израильге тұтқиылдан шабуыл жасаған күннің ертесіне "Хезболла" тобы Израильге зымыран атқан. Содан бері шекарада күн сайын атыс болады. Екі жақтан да мыңдаған тұрғын шекара маңындағы аудандардан эвакуацияланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG