Accessibility links

Мариупольдің атқылауға ұшырауы. 11 наурыз 2022 жыл.
Мариупольдің атқылауға ұшырауы. 11 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 4-10 сәуір арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

10 сәуір. Украинадағы соғыстың 46-күні. Негізгі ақпараттар:

  • Северодонецкіде 10 сәуір таңертең мектеп пен екі тұрғын үй атқылауға ұшырады.
  • Киевке барған Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Украинаға қосымша әскери көмек беретінін мәлімдеді.
  • Зымыран соққысы жасалған Краматорск вокзалында қаза болғандар 52 адамға жетті.
  • Ресей әскері Миргород қаласына зымыранмен соққы жасап, қаладағы инфрақұрылым нысаны қирады. Екі адам зардап шеккен.
  • BBC: Ресей Украинадағы операцияға жетекшілік еткен қолбасшыны ауыстырды. Оған Украинада соғысып жатқан орыс әскері арасында әлсіз координацияны нығайтып, 9 мамырға дейін соғыстан "қандай да бір нәтиже шығару" жүктелген болуы мүмкін.
  • БҰҰ босқындар ісі жөніндегі агенттік соғыс басталғалы бері Украинадан 4,3 млн адам босып кеткенін мәлімдеді.
  • АҚШ Ресей мұнайы импортын тоқтататын заңға қол қойды.
  • Алматыда Ресей консулдығы алдында Буча қырғыны құрбандарын еске алған белсенділерді полиция ұстап, бірнеше сағаттан кейін босатты.

Микрочип пен компьютер техникасын өндіретін Intel корпорациясы Ресей және Беларусь нарықтарындағы жұмысын толық тоқтататынын мәлімдеді.

"Әлемдік қауымдастық секілді Intel де Ресейдің Украинаға қарсы соғысын айыптайды және бейбітшілікті мейлінше дереу қалпына келтіруге шақырады. Соғыстың әсеріне тап болғанның бәрін, әсіресе Украина мен көрші елдердің жұртын және онда отбасы, достары және жақындары қалған адамдарды қолдаймыз" делінген компания мәлімдемесінде.

Түркия Бучадағы қырғынды тергеуге шақырды

Бейсенбі, 6 сәуір күні Түркия Украинаның Буча және өзге де қалаларында бейбіт азаматтардың қастандықпен өлтірілуін айыптап, істі тәуелсіз тергеуге шақырды.

"Киев түбіндегі Буча мен Ирпеньдегі және өзге де аймақтардағы қырғынның баспасөз бетінде жарияланған суреттері қорқыныш ұялатады, адамзатқа қасірет әкеледі" деді министрлік мәлімдемесінде.

Түркияның Украинадағы елшілігі 4 сәуір күні жариялаған твитті қоспағанда, бұл – Түркияның Бучадағы жағдай алғаш рет реакция білдіруі.

"Бейбіт азаматтарды нысанаға алуға жол жоқ" деді Түркия сыртқы істер министрлігі. "Осы жағдай тәуелсіз тергеліп, жауаптылар жазасын тартады деп күтеміз".

Түркия – НАТО мүшесі, Ресеймен де, Украинамен де тығыз қарым-қатынаста. Соғыс күндері екі ел арасында келіссөз өткізуге күш салып келеді.

Мұның алдында Түркияның Украинадағы елшілігі Киевке оралғаны хабарланды. Соғыс кезінде елшілік уақытша басқа жерге көшірілген.

Ресей әскері түнде Днепропетровск облысындағы мұнай базасын жойды

6 сәуірге қараған түні Ресей әскері Днепретровск облысындағы мұнай базасын жойды және сондағы зауыттардың біріне соққы жасады. Бұл туралы облыстық әскери әкімшіліктің басшысы Валентин Резниченко хабарлады.

"Түніміз ауыр болды. Жау облысымызды әуеден шабуылдап, мұнай базасы мен зауыттардың біріне дәл тиді. Жанармай сақталған мұнай базасы жойылды. Зауытта құтқарушылар өртті әлі сөндіріп жатыр. Өрттің екпіні қатты, жанып жатқаны – жанармай" деді Резниченко зардап шеккендердің нақтыланып жатқанын айтып.

Днепропетровск Украинаның шығысында орналасқан.

Буча мэрі: Ресей әскерилері қалада 320 бейбіт тұрғынды өлтірді

Буча қаласының мэрі Анатолий Федорук ВВС сайтына "ресейлік әскерилер қалада 320 бейбіт тұрғынды өлтірді" деді.

Ол "бейбіт адамдар отырған үш жеңіл көлік Киев жаққа кетпек болғанда оларды атқылаған. Көлік ішінде аяғы ауыр әйел отырған еді; күйеуі айғайлап, атпауды сұрағанымен, оларды аямай атқылады" деді.

Ресей қорғаныс министрлігі "Ресейлік әскерилер тарапынан бірде-бір бейбіт тұрғын зардап шеккен жоқ" деп отыр.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG