Accessibility links

Мариупольдің атқылауға ұшырауы. 11 наурыз 2022 жыл.
Мариупольдің атқылауға ұшырауы. 11 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 4-10 сәуір арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

10 сәуір. Украинадағы соғыстың 46-күні. Негізгі ақпараттар:

  • Северодонецкіде 10 сәуір таңертең мектеп пен екі тұрғын үй атқылауға ұшырады.
  • Киевке барған Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Украинаға қосымша әскери көмек беретінін мәлімдеді.
  • Зымыран соққысы жасалған Краматорск вокзалында қаза болғандар 52 адамға жетті.
  • Ресей әскері Миргород қаласына зымыранмен соққы жасап, қаладағы инфрақұрылым нысаны қирады. Екі адам зардап шеккен.
  • BBC: Ресей Украинадағы операцияға жетекшілік еткен қолбасшыны ауыстырды. Оған Украинада соғысып жатқан орыс әскері арасында әлсіз координацияны нығайтып, 9 мамырға дейін соғыстан "қандай да бір нәтиже шығару" жүктелген болуы мүмкін.
  • БҰҰ босқындар ісі жөніндегі агенттік соғыс басталғалы бері Украинадан 4,3 млн адам босып кеткенін мәлімдеді.
  • АҚШ Ресей мұнайы импортын тоқтататын заңға қол қойды.
  • Алматыда Ресей консулдығы алдында Буча қырғыны құрбандарын еске алған белсенділерді полиция ұстап, бірнеше сағаттан кейін босатты.

Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Украинадағы соғыс жайлы 6 сәуірде таратқан мәліметі:

Мариупольде әлі ауыр шайқас жалғасып жатыр. Ресей әуе шабуылын тоқтатқан жоқ. Қаладағы гуманитарлық жағдай нашарлап кетті. Мариупольде қалған 160 мыңнан аса адам жарық, жылу, сусыз, медициналық көмексіз отыр. Ресей әскерилері украиналық әскерилерді әлсірету үшін әдейі қалаға гуманитарлық көмекті кіргізбей отыр.

Украина қарулы күштері: Ресей 18600 әскериінен айырылды

Украина қарулы күштерінің бас штабы соғыс басталғалы Ресей 18600 әскериінен айырылды деп мәлімдеді. Бұл статистикаға қаза болғандар да, жараланғандар да кіреді. Бұған қоса, Украина соғыста Ресейдің бес мыңнан аса әскери техникасын жойғанын хабарлады.

Ресей қорғаныс министрлігі 25 наурыздағы хабарламасында "Украинада 1351 әскериі қаза болғанын" айтқан. Содан бері Ресей әскерилерінің шығыны жайлы хабарлама таратпады.

Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.

Украина жоғарғы радасының (парламенті) отыздан астам депутаты "Ресейдің украина халқын жасаған геноциді жайлы" жоба қаулысын ұсынды.

Жоба құжатында Ресейдің әскерилері Украинада бейбіт тұрғындарды өлтіріп, үйлерді жойып, адамдарды медицина мен азық-түліктен айырғаны үшін Ресейдің әрекетін геноцид деп тану керек деп жазылған.

Бұған қоса, жобада Ресей Совет одағының мұрагері ретінде Украинадағы Голодомор мен Қырым татарларының депортациясы сияқты қылмыстық істерге де жауапты деп көрсетілген.

Гостомельде 400 адам із-түссіз жоғалғаны айтылды

Украинаның Гостомель қаласының мэрі Тарас Думенко қалада 400 адам із-түссіз жоғалып кеткенін айтты.

"Гостомельде оқ тиіп мерт болған бейбіт тұрғындардың мәйіттері табылды, бірақ көп емес. Бұған қоса, біздің аймақтың бірнеше тұрғынының мәйітін Бучадан таптық. Бізде бар расталған деректерге сай, Глебовка тұрғындары Гостомельге келіп, кейін олармен байланыс үзілген" дейді Думенко.

Мэрдің сөзінше, іс-түссіз жоғалған кейбір адамдар оққа ұшуы мүмкін, бірақ олардың мәйіті әлі табылмаған. Думенко "ресейлік әскерилер Бучамен салыстырғанда Гостомельдегі істерін жасырып кетуге тырысқан" деп санайды.

Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG