Accessibility links

Мариупольдің атқылауға ұшырауы. 11 наурыз 2022 жыл.
Мариупольдің атқылауға ұшырауы. 11 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 4-10 сәуір арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

10 сәуір. Украинадағы соғыстың 46-күні. Негізгі ақпараттар:

  • Северодонецкіде 10 сәуір таңертең мектеп пен екі тұрғын үй атқылауға ұшырады.
  • Киевке барған Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Украинаға қосымша әскери көмек беретінін мәлімдеді.
  • Зымыран соққысы жасалған Краматорск вокзалында қаза болғандар 52 адамға жетті.
  • Ресей әскері Миргород қаласына зымыранмен соққы жасап, қаладағы инфрақұрылым нысаны қирады. Екі адам зардап шеккен.
  • BBC: Ресей Украинадағы операцияға жетекшілік еткен қолбасшыны ауыстырды. Оған Украинада соғысып жатқан орыс әскері арасында әлсіз координацияны нығайтып, 9 мамырға дейін соғыстан "қандай да бір нәтиже шығару" жүктелген болуы мүмкін.
  • БҰҰ босқындар ісі жөніндегі агенттік соғыс басталғалы бері Украинадан 4,3 млн адам босып кеткенін мәлімдеді.
  • АҚШ Ресей мұнайы импортын тоқтататын заңға қол қойды.
  • Алматыда Ресей консулдығы алдында Буча қырғыны құрбандарын еске алған белсенділерді полиция ұстап, бірнеше сағаттан кейін босатты.

НАТО бас хатшысы: Ресей жаңа шабуылға дайындалып жатыр

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресей Украинаны оккупациялау жоспарынан бас тартпағанын, қазір Украинаның шығысы мен оңтүстігіне шабуыл жасауға дайындалып жатқанын айтты.

"Алдағы аптада Ресей әскері Украинаның шығысы мен оңтүстік бөлігіне ойысып, бүкіл Донбассты алуға талпынады. Осы арқылы аннексиялаған Қырымға барар жол ашпақ. Сондықтан соғыс негізгі фазасына енді" деді ол.

Йенс Столтенберг Ресей әскерилері Бучадан басқа қалаларда да қатыгездік жасауы мүмкін деп болжайды.

"Ресей әскерилері белгілі бір аймақтардан шегініп, Украина әскерилері ол аймаққа қайта бақылау орнатса, сол елдімекендерден де адамдар жаппай жерленген жерлер, әскери қылмыстар, қатыгез әрекеттер дәлелдейтін фактілер шыға ма деп қауіптенемін" деді ол.

НАТО бас хатшысы альянс Украинаға қолдау көрсете береді деп мәлімдеді.

5 сәуірдегі негізгі оқиғалар қысқа-нұсқа:

  • Чехия Украинаға Т-72 танкісі мен бронемашиналар жіберді.
  • Еуропа елдері ресейлік дипломаттарын қайтаруды жалғастырып жатыр. Эстония Ресейдің Нарведегі Ресей консулдығы мен Тартудағы консулдық бөлімін жауып, 14 қызметкерді кері қайтарды. Италия - 30, Испания - 25, Дания - 15, Швеция үш дипломатты Ресейге жіберді.
  • Кремль мен Ресей әскерилері Бучадағы қырғынды тағы да жоққа шығаруға тырысты. Ал Украина барлаушылары Бучада болған ресейлік әскерилер Украинаның басқа аймағындағы қақтығысқа араласпақ деді.
  • Ресей цензураны күшейтіп жатыр. Роскомнадзор "Википедиядан" соғыс туралы мақалаларды жоюды талап етіп жатыр.
  • БҰҰ Украинадағы соғыста опат болған бейбіт тұрғындар қазіргі айтылған статистикалардан әлдеқайда көп деп мәлімдеді.
  • Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен мен ЕО бас дипломаты Жозеп Боррель Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесу үшін Киевке келмек.

Украина президенті Зеленский БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде сөйледі. Не айтты? Қысқа-нұсқа шолып шығайық:

  • БҰҰ әлемде бейбітшілікті қамтамасыз ете алмады. Қауіпсіздік кеңесіндегі вето адам өлтіруге мүмкіндік бермес үшін БҰҰ тез арада реформа жасау керек (БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Украинадағы соғысты айыптайтын қарарына Ресей вето жариялаған еді).
  • БҰҰ әлемге бейбітшілік орната алмаса тарау керек шығар. Әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін Киевте халықыралық конференция ұйымдастыруды ұсынамын.
  • Ресейліктердің Бучада жасамаған қылмысы қалмаған. Олар бүкіл бір отбасыны балаларымен өлтіріп, адамдарды өртемек болған.
  • Ресей не айтатынын білесіздер. Олар Донбасста "Боингты" атып түсіргенде де (Малайзия әуе компаниясының Донбасста құлаған жолаушылар ұшағын айтып тұр - Ред.), Сирияда да солай деген. Олар болған жайт жайлы түрлі нәрсе айтып, қолдан ұйымдастырылған кадрлар туралы айтқан.
  • Ресей билігі ежелгі колонизаторлар сияқты. Олар украиналықтарды құлға айналдырғысы келеді. Мұны жазасыз қалдырмау керек.
  • Ресейдің әрекетінен Азия мен Африкадағы аштыққа ұшырап, көп елдің қауіпсіздігіне қатер төнуі мүмкін.

Ресей Украинаға басып кіргелі елде 11 миллион 276 мың адам үйін тастап кетуге мәжбүр болған. Бұл туралы Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның 1 сәуірге дейін жиналған есебінде айтылады.

Оның ішінде 7,1 миллионы Украинаның соғыс жүріп жатқан аймағынан қауіпсіздеу аймақтарға көшкен. Көбіне адамдар елдің шығыс, солтүстік және оңтүстік облыстарынан орталық және батыс облыстарға қарай қашқан. Шетелге кеткені 4,1 миллионнан асады.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG