Accessibility links

Блинкен: АҚШ Украина жеңіске жетуі үшін көмекті айтарлықтай ұлғайтты


АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен

Украинаға құны 8 миллиард доллардан астам көмек пакетін жариялаған АҚШ Киевке көмек көлемін айтарлықтай ұлғайтты. Бұл жөнінде БҰҰ Бас ассамблеясындағы баспасөз жиыны кезінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мәлімдеді.

"Біз Ресей басқыншылығынан қорғанып жатқан Украина халқына қолдау көрсету үшін маңызды қадамдар жасадық" деді Блинкен. Оның сөзінше, бұл көмек қазіргі президент әкімшілігі өкілетін аяқтағанға дейін жетуі керек.

Блинкеннің сөзінше, президент әкімшілігі қазір Украина басшысы Владимир Зеленскийдің АҚШ президенті Джо Байденге таныстырған "жеңіс жоспарымен" танысып жатыр.

"Киев Ресей аумағындағы әскери нысандарға батыс қаруымен соққы жасауға рұқсат ала ма?" деген сұраққа Блинкен әкімшілік пен Украинаның одақтастары қазір жоспардың жай-жапсарымен танысып жатыр деумен шектелді.

Мемлекеттік хатшының айтуынша, Киевтің одақтастары қажет болса, қосымша әрекеттерді қарастырады.

Қытай сыртқы істер министрі Ван И-мен келіссөз кезінде Блинкен "Қытайдың Ресей қорғаныс өнеркәсібіне көмектесіп жатқанына АҚШ алаңдап отыр" деп мәлімдеді.

Блинкеннің сөзінше, Ресейге импортталатын станоктардың - 70 пайызы, микроэлектрониканың 90 пайызы Қытай мен Гонконгте шығарылған. Вашингтонның пікірінше, бұл Мәскеуге ракета, әскери техника мен оқ-дәрі шығаруға көмектесіп, соғысты жалғастыруға жол ашып отыр.

Ал Ван И кездесу барысында Пекин Ресей мен Украина арасында бейбітшілікті орнату қажеттігін әрдайым айтып келгендігін еске салды. Қытай сыртқы істер министрі сонымен бірге "АҚШ Қытайға қарсы айыптауларды түрлі лагерьлер арасында қайшылық туғызу үшін пайдаланып отыр" деді.

27 қыркүйекте Қытайдың "Синьхуа" агенттігі Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу үшін Қытай мен Бразилия ортақ платформа құратынын хабарлаған. Платформа "Бейбітшілік достары" деп аталады. Reuters бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский "Пекин бастамасы Мәскеудің мүддесіне сәйкес келеді" деп одан бас тартқанына назар аударады.

Қытай, Бразилия және тағы он ел Украинаға қарсы ядролық қару қолданбауды ескерткен. Бұл жөнінде Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясының Украина бойынша кездесуінен кейін жасалған ортақ мәлімдемеде айтылған.

Жуырда президент Владимир Путин Ресейдің ядролық доктринасына өзгеріс енгізілгенін және Беларуське қарсы әрекет жасалса, ядролық қаруды қолдану құқығы барын айтқан.

XS
SM
MD
LG