Accessibility links

Қытай құрлықаралық ракетасын сынақтан өткізді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қытай әскері имитациялық оқтұмсықтары бар құрлықаралық баллистикалық зымыранын сынақтан сәтті өткізді деп хабарлады ресми Пекин.

Қытай қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, ракета 25 қыркүйекте таңертең ұшырылып, "Тынық мұхитындағы "құлайды" деп болжам жасалған орынға түскен". Ведомствоның айтуынша, бұл жыл сайынғы жаттығу аясында өткізілген "кезекті сынақ". Қытай ақпарат құралдарының жазуынша, Пекин қатысы бар тараптарға сынақ жөнінде ескерткен.

Сыналған ракета түрі мен оның траекториясын Қытай билігі ашып айтқан жоқ, алайда ресейлік әскери телеграм-арналардың хабарлауынша, ол "Тайвань бағытында" жүргізілген. Тайвань қорғаныс министрлігі сәрсенбі күні 23 қытайлық әскери ұшақ анықталғанын, олар аралдың оңтүстік-шығысы мен шығыс бөлігінде төңіректеп ұшқанын хабарлады.

Сингапурлық мемлекеттік саясат мектебінің әскери сарапшысы Дрю Томпсон Қытай "ракета ешбір мемлекетке қарсы бағытталған жоқ" деп мәлімдегенмен Қытай мен Жапония, Филиппин, Тайвань арасында жағдай үнемі ушығып жатады.

"Ракетаны ұшыру – барлығына сес көрсету мақсатында жіберілген айқын сигнал" деді Томпсон. Ол Қытайдың БҰҰ Бас ассамблеясы сессиясы кезінде ракета ұшырғанына назар аударады.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ракетаны сынау – Қытайдың суверенді құқығы екенін айтты.

Былтыр Пентагон Қытайдың арсеналында 500-ден астам ядролық оқтұмсық бар, шамамен 350-і – құрлықаралық ракеталар, 2030 жылға қарай олардың саны 1000-нан асатынын хабарлаған. АҚШ пен Ресейде 1700-ден астам оқтұмсық бар.

XS
SM
MD
LG