Accessibility links

Қазақстанның Ливандағы елшілігі сол елде жүрген қазақстандықтарға үндеу жасады


Израиль соққысынан кейінгі Ливан.
Израиль соққысынан кейінгі Ливан.

Қазақстанның Ливандағы елшілігі сол елде жүрген Қазақстан азаматтарын қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Елшілік Ливандағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты жергілікті биліктің нұсқауларын орындап, ел ішіндегі жүріс-тұрысты мейлінше азайтуға кеңес берді.

Елшілік Ливанның оңтүстігі мен Бекаа жазығында тұратын азаматтарға ахуал оңалғанша олармен салыстырғанда қауіпсіз саналатын елдің орталығы мен солтүстігіне уақытша көшуге және халықаралық рейстер бар кезде Ливаннан кете тұру мәселесін қарастыруға кеңес берді.

Хабарламада Ливанда қанша қазақстандық бары айтылмайды.

Кейбір халықаралық әуе компания жолаушылар қауіпсіздігіне байланысты Ливан астанасы Бейрутқа ұшатын рейстерін тоқтатты. Аймақтағы шиеленістің ушығуына байланысты Тель-Авивке де кей рейстің ұшпайтыны белгілі болды.

Израильдің дүйсенбіден бергі әуе шабуылынан кемі 558 адам қаза тапты, 1800-ден астам адам жараланды. Ливан билігі осындай мәлімет таратты. Қаза тапқандар арасында 50 бала мен 94 әйел бар. BBC агенттігінің жазуынша, бұл – Ливан үшін 1975-1990 жылдардағы азамат соғысы аяқталғалы бергі ең көп адам мерт болған күн.

Иордания, Египет, Катар, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты мұсылман елдері "Израиль Ливанның аумақтық тұтастығына қол сұғып отыр" деп мәлімдеді. Ресей мен Қытай да Израильдің шабуылын айыптап, "бейбіт адамдар қаза табатын шабуылдарды доғаруға" шақырды.

АҚШ пен Еуроодақта "террористік ұйым" деп танылған палестиналық ХАМАС тобы 2023 жылы қазанда Израильге тұтқиылдан шабуыл жасаған күннің ертесіне ливандық ираншыл "Хезболла" тобы Израильге зымырандар ұшырған. Содан бері екі жақ арасында жағдай ушығып, шекарада күн сайын атыс болады. Екі жақтан да мыңдаған тұрғын шекара маңындағы аудандардан эвакуацияланған.

Reuters агенттігінің жазуынша, қазір Израиль мен "Хезболла" арасында болып жатқан жағдай – 2006 жылғы екінші Ливан соғысынан бергі ең ауыр шиеленіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG