Accessibility links

Зеленский БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысында Путин "өз еркімен тоқтамайды" деп мәлімдеді


Украина президенті Владимир Зеленский Украинадағы соғысқа арналған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сөйлеп тұр. 24 қыркүйек 2024 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский Украинадағы соғысқа арналған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сөйлеп тұр. 24 қыркүйек 2024 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский сейсенбі күні Украинадағы соғысқа арналған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысты. Отырыстан тікелей эфирде "Настоящее Время" арнасы хабар таратты.

Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі Василий Небензя кездесу басталар алдында ресейлік делегация Мәскеуді Украинаға басқыншылығы үшін сынайтын "бір-біріне ұқсас мәлімдемелерді" тыңдауға ниеті жоқ екенін айтты. Алайда Украина президенті сөз сөйлеген кезде залдан кетпеді.

Қырымды аннексиялағаннан кейін Ресейдің Украина аумағына жаппай басып кіруі БҰҰ Жарғысына қайшы деді Зеленскийге сөз берер алдында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш мәлімдеді.

Зеленский өз сөзінде соғыс "уақытша үзіліс жасау" немесе "қандай да бір алмасу жасау" арқылы аяқталмауы керек, ол мемлекеттердің территориялық тұтастығын құрметтеуді қарастыратын БҰҰ Жарғысы толық орнаған жағдайда ғана аяқталады деді.

Зеленскийдің сөзінше, Ресей президенті Владимир Путин "өз еркімен тоқтамайды", сондықтан "Ресейді бейбітшілікке мәжбүрлеу" керек. Украина басшысы әлем елдерін өзі ұсынған "бейбітшілік формуласын" қолдауға шақырып, барлық елдерді екінші бейбітшілік саммитіне қатысуға үндеді.

Зеленский Ресей әскері Украинадағы атом электр станцияларына шабуыл жасауды жоспарлап отырғанын да айтты. Бұған дейін Ресей билігі де Украинаны осылай айыптаған.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысына АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де қатысты. Ол Иран мен Солтүстік Кореяны Украинаға қарсы соғыста Ресейді тіке қолдап отыр деп айыптап, Тегеран мен Пхеньянға шара қолдануға үндеді. Қытай сыртқы істер министрі Ван И Пекин Украинадағы соғыста ешкімге болыспай отырғанын, бейбітшілікке ұмтылатынын жеткізді.

25 қыркүйекте Зеленский БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында сөз сөйлейді. 26 қыркүйекте ол АҚШ президенті Джо Байденмен кездеседі. Кездесу кезінде ол Америка басшысына Украинаның "жеңіс жоспарын" таныстырмақ.

XS
SM
MD
LG