Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.29.2006 жыл


Бейсенбілік баспасөз Қазақстанда электр жарығын көрмеген бес мың ауыл бар екендігін жазды. Сонымен бірге газеттерде қазақстандық Әсел Әбдіғаппарованың америка түрмесінде жатқанына бес жыл болғандығы айтылса, басылымның бірінде түрме беделділерін тату суреті арқылы айыруға болатындығына мән берген.

Қазақстанда бес мыңнан астам ауылға жарық жеткізілмегендігі туралы мақала «Литер» газетінде басылды. «Шалғайда орналасқан ауылдарға электр желісін тарту тиімсіз», дейді Қазақстан ұлттық инженерлер академиясының вице-президенті Нәдір Нәдіров. Оның айтуынша, мұндай елді-мекендерді жарықтандыру үшін желдің, күн мен судың энергиясын қолдану керек. «Қуаты сарқылмайтын энергия көздерін іздеу қазіргі ғылымның басты бағытының бірі саналады. Егер осы бағытта жұмыс істесек, қазақстандық ғылымның тасы өрге басады», дейді Нәдір Нәдіров «Литер» газетіне берген сұхбатында.

Бұл уақытта «құрамында рений және осмий бар шикізатты өндіру мен өңдеуге мемлекеттік монополия енгізуді» қарастыратын бап айналасында басталған теке тірестің «шаңы» уақыт өткен сайын басылатын емес» деп жазды «Айқын» газеті. Осы мәселеге қатысты Үкімет басшысы Даниял Ахметов Парламентке келіп, жауап бергенімен, өрттей лаулаған жанжалға нүкте қойылмады. Даулы заңның талқылануы ақыры күзге қалдырылды. «Егер шынымызды айтсақ, біз Үкіметтің ауысуын күтеміз!» деп мәлімдеді депутат Рауан Шаекин. «Әлдекімнің лобби жүргізіп жатқандығы жөнінде менің қолымда айғақ жоқ, бірақ бұл мәселенің барын жорамалдаймын. Мен құзыретті құрылымдар оны айқындайды деп үміттенемін» деді Премьер. «Мемлекеттік монополия туралы» заңындағы Үкімет басшысы Даниал Ахметов арнайы қаулымен шақыртқан Мәжілістің маусымның 28-күнгі жалпы отырысы шиеленісті шешпек түгілі, жағдайды қайта күрделендіре түскенге ұқсайды» деп жазды «Айқын».

«Экспресс К» газеті болса қазақстандық Әсел Әбдіғаппарованың америка түрмесінде жатқанына бес жыл болғандығына назар бөлген. Аталған газет былай деп жазды: «АҚШ-тағы түрмелердегі аналар ертегіні таспаға жазып өзінің балаларына жібереді. Осындай таспаларды Әселдің Қазақстандағы балалары да алып тұрады». Естеріңізге сала кетейін, 1998 жылы магистр біліктілігін алу мақсатында Америкаға барған Әсел Әбдіғаппарованың жақын достары адам өлтіріп, өткен жылы Әсел қылмысқа қатысы бар деген айыппен өмірлік бас бостандығынан айырылған. Әселдің Қазақстанда екі баласы қалған. «Әсел жақында кіші баласына Ганс Христиан Андерсенның ертегісін, ал үлкен қызына көлемді әңгіменің бір тарауын таспаға жазып жіберген» деп жазды «ЭкспрессК» газеті.

Ал «Айқын» басылымы түрме «беделдісін» адам денесіндегі тату суреттері арқылы тануға болатындығына мән берген. Егер кім де кім «заңдағы ұрыға» немесе «авторитетке» ғана тиесілі белгі саналатын татуировканы иемденіп алса, қылмыстық әлем заңы бойынша, ол ауыр жазаға тартылады. Көшбасшылар өздерінің мәртебесі мен беделінің атрибуты саналатын татуировканың «қолды болып» кетпеуін «қатты қадағалаған» деседі. Көшірмесін жасау кез-келгеннің қолынан келе бермейтін айқыш-ұйқыш эскиздер ойлап табуға да айрықша мән береді. Түрмедегі татуировканың жасалу тәртібі әдеттегіден өзгеше. Ол жөнінде «Айқын» газетіне өмірінің 20 жылын түрмеде өткізген Асқар есімді жігіт әңгімелеп берген. Асқардың айтуынша, тату үшін ең жақсы бояу - қытай тушы екен. Одан басқа қалам пастасы мен дәрет қосылған аяқ киім табанының ерітіндісі пайдаланылған. «Түрмеде татуировка жасайтын адамға құрметпен қарайды. Адам денесіне жазылатын «БОГ» деген сөз «мемлекетпен сотталған» дегенді білдірсе, «КОТ» сөзінің мағынасы «түрменің тұрғылықты тұрғыны» дегенді, ал «МИР» дегені «мені өлім ғана түзейді» дегенді білдіреді екен. «Татуировка жасауға заңмен шек қойылмайды. Ол үшін біз ешкімді жауапқа тарта алмаймыз. Ал түрме ережесі бойынша оған тыйым салынады. Бас бостандығынан айырылғандардың күн ұзақ немен айналысып жатқандығын бақылап отыру мүмкін емес», дейді Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесінің бастығы міндетін атқарушы С.Нұрахметов «Айқын» газетіне берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG