«Қырым ісі» құпия қаралып жатыр

Сот залында тұрған украиналық режиссер Олег Сенцов. Мәскеу, 7 шілде 2014 жыл.

«Қырым ісі» бойынша айыпталған Геннадий Афанасьев жеті жылға сотталды, Олег Сенцов үкімді күтіп, қамауда отыр.

Мәскеудің Лефортово соты «Қырымда террористік топ құрып, теракт жасады» деп айыпталған украиналық режиссер Олег Сенцовтың қамау мерзімін ұзартты. Сотта айыпқа қатысы жоғын айтқан Сенцов «бұл – тергеу емес, есі ауысқандар палатасындағы спирит сеансы» деп мәлімдеді.

Судья Маргарита Котова Олег Сенцовтың бостандыққа шықпайтынын жариялаған кезде айыпталушы «Бұл іс бойынша жүргізілген тергеуге қатысты комментарий берудің мәні жоқ. Басыңды тасқа ұрғанмен бірдей әурешілік. Сондықтан істеріңді тындырып, шешімдеріңді қабылдай беріңдер. Тек сендерді Жаңа жылмен құттықтап, келесі жыл жасанды режимдеріңнің ақырғы жылы болсын деп тілегеннен басқа айтарым жоқ. Украина жасасын!» деп мәлімдеді.

Олег Сенцовтың қамау мерзімі сәуірдің 11-іне дейін ұзартылды. Сол кезде оның қамауда отырғанына 11 ай толады. Жуырда «Қырым террористері ісі» бойынша тағы екі айыпталушы Александр Кольченко мен Алексей Чирнийдің қамау мерзімі сәуірге дейін ұзартылды. Ал «Қырым ісі» бойынша алғашқы үкім желтоқсанның 17-сі күні шығып қойғаны және Геннадий Афанасьевтің қатаң режимдегі колонияға жеті жылға сотталғаны жуырда белгілі болды. Жұрттың көбі үшін бұл -күтпеген жайт. Өйткені тергеушілерге көмектескен, сыбайластарына қарсы түсінік берген Афанасьевке сот жеңіл жаза кесетіндей көрінген. Бұл үкімнен кейін тағылған айыпты мойындамаған антифашист Александр Кольченко мен режиссер Олег Сенцовті қандай жаза күтеді? Бірақ журналист әрі құқық қорғаушы Зоя Светова «керісінше, Геннадий Афанасьевке сот кешіріммен қарап, жеңілдік жасады» деп есептейді.

Геннадий Афанасьев

– Өйткені Геннадий Афанасьев сотпен мәмілеге келіп, ісі айрықша тәртіппен қаралды. Оны 20 жылға соттауы мүмкін еді. Айыбын мойындап әрі «Қырым ісіне» қатысты өзге айыпталушыларға қарсы түсінік берген соң оған жеті жыл берді. Оған «сені осынша жылға соттаймыз» деп уәде берген сияқты. Меніңше, сотпен мәмілеге келген адамға бапта қарастырылған ең көп жаза мерзімінің үштен екі, немесе төрттен үш бөлігі ме - әлдебір бөлігін тағайындайды. Сондықтан оған 20 жылдың бір бөлігін кескен.

– Демек, қарапайым арифметикалық амалға сүйенсек, кінәсін мойындамаған айыпталушыларға қатал жаза кесуі мүмкін екен ғой?

Тек сендерді Жаңа жылмен құттықтап, келесі жыл жасанды режимдеріңнің ақырғы жылы болсын деп тілегеннен басқа айтарым жоқ.
Олег Сенцов

– Әрине. Мына жеті жылдық үкімге, бұл істі баспасөзден, тіпті өзге айыпталушылардың адвокаттарынан мүлде құпия жағдайда жасырын жүргізгендеріне қарап, солай болжауға болады. Енді бұл үкімді дәлел ретінде пайдаланады. Олег Сенцов, Александр Кольченко және Алексей Чирнийді соттайтін негізгі іс қарала бастағанда бұл үкімді үлгі етеді. Геннадий Афанасьевтің Мәскеу қалалық сотындағы «террористік топты Сенцов құрды» деген сөзі Сенцовтың кінәсін дәлелдейтін айғақ болады. Бұл өте жаман, бұл - өзге айыпталушыларға «егер кінәларыңды мойындамасаңдар, көп жылға кетесіңдер» деген емеурін.

Your browser doesn’t support HTML5

"Қырым ісі" туралы Зоя Светованың сұхбаты (орыс тілінде)

Меніңше, Олег пен Александрды қорғайтын қоғамдық науқан ұйымдастыру үшін қазір Сенцов пен Кольченконың адвокаттары іс барысын баспасөзге ашық мәлімдейтін кез келді. Әйтпесе екеуін де көп жылға жасырын соттап жібереді.

– Ал онсыз да тергеуге көмектесуге әзір болған Геннадий Афанасьевтің ісін не үшін құпия жүргізді? Мұның астарында қандай қитұрқылық болуы мүмкін?

Сенцов пен Кольченконы қорғау үшін үлкен науқан ұйымдастырылуы тиіс. Бірақ қазір Ресейде де, Украинада да жұрт бұл істен бейхабар.
Зоя Светова

– Меніңше, бұл іс терроризмге қатысты болғандықтан, жабық режимде қаралып жатқан шығар. Ал жұрттың бұл істен хабарсыз болуының себебі - Геннадий Афанасьевке мемлекеттік адвокат немесе тергеушілердің айтқанынан шықпайтын адвокат бекіткен. Афанасьевтің өзі де тергеушілерге көмектесуге келіскен, ал адвокаттар ақпаратты жарияламау туралы қолхат берген. Сондықтан «Қырым ісіне» қатысты жария ақпарат мүлде аз және қоғам бұл істің жай-жапсарын білмейді, қандай айыптар тағылғанынан хабарсыз. Біз Сенцовқа «теракт ұйымдастырды» деген айып тағылғаны сияқты жалпылама жайттарды ғана білеміз. Бірақ бізге Қырымда ешқандай теракт болмағаны да аян. Афанасьевтің ісі бойынша үкім шығып қойды, енді Сенцов пен Кольченконы қорғауы тиіс адвокаттардың қазіргі позициясын түсіне алмай отырмын. Бұл істі мынадай схемамен бітірмек: бір айыпталушының ісін жеке бөліп алып қарайды да, сосын әлгі үкім бұл іске қатысты өзге айыпталушылардың кінәсін дәлелдейтін айғаққа айналады. Ал олардың процесінде Афанасьев әрине куәгер болады. «Болотный ісі» бойынша өткен Константин Лебедевтің сотында дәл осылай болған. Дәл сол схема тағы қайталанбақ. Сондықтан адвокаттар қазір не болып жатқанын ашық жариялауы тиіс.

– Бірақ ақпаратты жарияламау туралы қолхат берсе, олар ештеңе айта алмайды ғой?

– Адвокат болмағандықтан, мұны білмеймін. Бірақ соңғы жылдары саяси тапсырыспен ұйымдастырылған осындай қылмыстық істер көп болды. Олег Сенцовтің «Қырым ісіне» қарағанда, жұрт ол істерден көбірек хабардар болды. Әзірше Сенцовқа да, Кольченкоға да түпкілікті айып тағылған жоқ, бірақ Афанасьевтің процесі өтіп қойды. Сондықтан қоғамға бұл жайлы көбірек ақпарат беруге болатын сияқты. Менің айтайын дегенім, Сенцов пен Кольченконы қорғау үшін үлкен науқан ұйымдастырылуы тиіс. Бірақ қазір Ресейде де, Украинада да жұрт бұл істен бейхабар. Украина билігі де өз азаматтарын қорғауы тиіс. Өйткені Сенцов, Кольченко және Чирний өздерін Украина азаматы санайды. Олар Афанасьев сияқты Украина азаматтығынан бас тартқан жоқ, - дейді Зоя Светова.

(Лиля Пальвелеваның мақаласы орыс тілінен аударылды)