Базарға айналған жағажай, қайық бизнесі және автобустағы монша

Алакөлде демалып жатқан адамдар. Абай облысы Мақаншы ауданы Қабанбай батыр ауылы. 28 шілде, 2024 жыл.

Жаз шықса, Қазақстан жұртшылығы елдің оңтүстік-шығысында, Жетісу және Абай облыстарының ортасында орналасқан тұйық айдын – Алакөлге ағылады. Жұрт көлдің Алматыға жақын батыс жағында да, Семей жағындағы шығыс жағында да демалады. Алакөлде болып қайтқан Азаттық тілшісі не көрді?

ЖАҒАЖАЙДАҒЫ "БАЗАР"

Алакөлдің шығыс жағалауында жатқан Абай облысының бұрынғы Жарбұлақ, қазіргі Қабанбай батыр ауылында жаз бастала өмір қайнайды. Сол маңдағы алыс-жақын ауылдардың тұрғындары табыс тауып қалуға асығады. Көл бойы, көше-көшенің арасы оны-мұны сатқан адамдар. Кейде жағалау демалыс орны емес, үлкен базарға ұқсап кетеді. Сөмке көтеріп, әрі-бері өтетіндерге тыным жоқ. Ішіп-жем, ойыншық, киім-кешек – бәрін сатады. Сөмке көтерген арасында бала да көп. Көбі күн астында жүре бергеннен қап-қара болып күйген.

Көл жағалай "бизнестің" неше атасы бар. "Сақ моншасы" дейсіз бе, балалар ішіне кіріп кетіп ойнайтын шар дейсіз бе, қайық дейсіз бе – бәрі осы жерде. Көпшілігінің қолдан тұрғызылғаны, сапасы нашар екені көзге ұрып тұр. Таза ауамен демаламын десеңіз қасыңызда біреу түтінін бұрқыратып "монша" жағып жатады.

Алакөл жағасында тұрған ескі автобустан жасалған монша. 28 шілде, 2024 жыл. Абай облысы Мақаншы ауданы Қабанбай батыр ауылы

Тауар бағасы Астанадағыдан анағұрлым қымбат. Ол үшін сатушыларды сөгіп жатқандар жоқ, өздері де оған аса қысылмайтын секілді. Ал баға қымбат деп саудаласпақ болғандарға айтылар жауап біреу: "Курортты аймақта баға осындай".

Курорт демекші, көлді жағалай салынған демалыс үйлерінен көз сүрінеді. Бағасы да ұсынған қызметіне қарай әртүрлі. Күніне 10 мың теңгегеге әжетханасы мен жуынатын орны бәріне ортақ әрі ол сыртта орналасқан, ал 15-20 мың теңгеге үш уақыт тамағымен жайлы бөлме жалға алуға болады. Дегенмен жағаға жақындаған сайын баға да өсе түседі. Ресми дерекке сенсек, Алакөлдің шығыс жағалауында 235 демалыс орны бар. Алакөлдегі аз күнде қымбатшылыққа да көз үйренді.

Көл жағалай орналасқан демалыс үйлері арасын бөліп "Арбат" жасап қойған. Кешке бұл маңда аяқ алып жүру қиын. Үлкен сауық-сайран болмаса да демалушылардың бәрі осында ағылады. Балалар аттракционға отырып мәз болса, үлкендер жағы кафелерде көңіл көтереді. Баға Астананың қымбат мейрамханасынан қалыспайды. Бара қоятын басқа жер де байқалмайды.

Көл жағасы демалушыға толы. Ығы-жығы жұрт бірінің үстіне бірі шығып кетердей. Жағаны бойлай ыбырси шашылған қоқыс көңіл-күйді түсіреді. Бұл қасымда бірге демалып жатқан Данияға мүлдем ұнамады. Көз жанарына байланысты мүгедектігі бола тұра ол таңертең қолына пакет алып шығып, көл жағасындағы қоқысты жинай бастады.

– Осылай дұрыс, ескертіп айтсаң адамдар дауласады. Ал өзіміз жинасақ, оларға үлгі көрсетеміз. Қоқыс жәшіктерін көп қою керек қой. Әжетхана да жоқ, – дейді Дания.

Онысы рас. Бірнеше шақырымға созылған көл жағалауынан әжетхананы сирек көресің. Алакөл жағасында қоғамдық әжетхана жоқтығы әлеуметтік желіде де әзіл-қалжыңы аралас әңгімеге жиі арқау болады. Бірақ жылдағы көрініс осы дейді демалушылар.

ҚАЙЫҚ БИЗНЕСІ

Есесіне жағада қайықтан көп нәрсе жоқ. Басым көбі – катер. Бір сөзбен айтқанда қайық бизнесі қызып тұр. Арасында тот басқан ескі катамаран да кездеседі. Олардың техникалық жағдайы қандай, қауіпсіз бе, ол жағын тексеріп жатқан ешкім жоқ сияқты.

Бұл қайықтар көл ортасындағы Аралтөбе аралына адам тасып ақша табады. Бір катерге 7-8 адам отырады. Қайықшы әр адамнан 7000 теңгеден төлем алады. Мұндай катер саны шамамен жүз шақты деп болжадым. Қайық иелерінің айтуынша, жағалаудан 18 шақырымдай жердегі аралға күніне оншақты рет қатынауға тырысады.

Қайығын жағаға қарай сүйреп келе жатқан адам. Абай облысы Мақаншы ауданы Қабанбай батыр ауылы. 28 шілде, 2024 жыл.

– Үш балам бар. Осы маусымды он ай күтеміз, – деді біз сөзге тартқан қайықшының бірі.

Аты-жөнін айтудан бас тартып, құлықсыздау әңгімелескен әлгі адамның сөзінше, былтырдан бері қайық алып, қызмет көрсете бастаған.

Көлде қайықтан бөлек скутер, үрлемелі қайық та көп. Олармен айдын бетін бір айналып келу бағасы бір адамға 3000-4000 теңге. Ең қолайсызы – қайық, катер келіп тұрақтап, адам отырғызатын арнайы айлақ жоқ. Суда жүрген демалушылардың наразылығына қарамай олар кез келген жерден келіп адам тиеп алады.

– Қауіпсіздік деген мүлдем жоқ. Көлдің кей тұсына катердің бензині ағып жатыр. Олардың винтіне іліксең ет тартқыштан өткендей боласың емес пе? Бірнеше жыл бұрын талай сондай жағдай да болған. Бірақ оған қарап жатқан адам жоқ, – деді өзін Гүлжан деп таныстырған демалушы.

"БАРЛЫҚ СҰРАҚ ӘКІМДІККЕ ҚАТЫСТЫ"

Таңғы астан соң қайық бизнесімен айналысатындарды іздеп тауып алайын деп ұйғардым. Ол қиынға соққан жоқ. Жағаға жақын маңда қайық тіркеп келген он бес жеңіл көлік қаңтарылып тұр екен. Ерінбей санап та шықтым. Одан ары жүз қадам баспай жатып тағы да соншама қайық әкелген көліктер тұр. Кей катерлер көліктен әлі түсірілмепті. Бірнеше жас жігіт көлік үстіндегі катердің әлдебір тұсын шұқылап әлек.

– Неге кез келген жерден тоқтап адам тиейсіздер? Көлде тыныш демалу мүмкін емес. Адамдар да соны айтып жатыр, – дедім.

– Иә, келісемін, – деді көзіне қара көзілдірік таққан жігіт қабағын түйіп. – Бірақ оның шешімі біреу. Бізге бес-алты пирс салып берсін. Сол жерге барып қайығымызды байлаймыз, сол жерден адам аламыз. Ал оны әкімдік жасамайды. Өзіміз бірнеше жыл бұрын өз күшімізбен салып көргенбіз. Түкке жарамады. Көктемде мұз быт-шытын шығарды.

Үнсіз тыңдап тұрмын. Ол маған көзін сығырайта бір қарап алды да сөзін ары қарай жалғады:

– Қайыққа бөлінген жер бар. Анау толқын басқыны (кемелер тұратың жерді толқын соғудан қорғайтын жабдық – ред.) көріп тұрсыз ба, соның артында. Бірақ ол жерге кіру мүмкін емес. Адамдар суға түсіп жатыр. Тәртіп болуы үшін мұнда патруль жүруі керек. Жағалауға қалтқы (буй) қойылуы керк. Ол да жоқ. Сондықтан біз осылай кіреміз. Бірақ адамдармен барынша ізеттілікпен қарым-қатынас жасаймыз. Олар не айтса да үндемейміз, тәжікеге бармаймыз.

Алакөл жағасына катер тасушылардың тұрағы.

– Су бензин сасып тұрғаны рас, – дедім.

– Енді ол болады. Бұл – техника. Негізі барлық сұрағыңыз әкімдікке қатысты. Анадай толқын басқыдан 11 болады деген, тек біреуін қойды. Миллиардтаған ақша бөлді. Қалғаны қайда? Кімнің қалтасында? Сізде де, менде де ол сұраққа жауап жоқ. Біз кеттік. Ақша жасауымыз керек, – деді де қайығын сүйреп көлге түсіп кетті.

Жолай "Арал! Арал! Кім барғысы келеді?" деп айқайлап бара жатты.

ЕМДІК БАЛШЫҚ

Көл жағалап солтүстікке қарай жүргенде радиусы 1,5 метрдей болатын қара балшық толы бес-алты шұңқыр бар. Кейбірін ұңғылап қазып, балшығын алып кеткен соң ішін шалшық су басып кеткен. Батпағы қоймалжың сұйық, қап-қара. Кейбіріне шіркей үймелеп, ішінде бақа секіріп жүр. Бірақ оған қарап жатқан адамдар жоқ. Бәрі жапа-тармағай сол балшыққа түсіп, кейбірі ваннаға түскендей отырса, енді бірі сыртында тұрып үстіне жағып жатыр. "Тері ауруларына, буын ауырғанға таптырмайды" деп, бір-біріне ақыл айтып жүрген жұрт қарасы көп.

Алакөл жағасында емдік балшыққа түсіп жатқан адамдар.

– Осы балшықтан жақсы болдым. Неврология мен депрессиядан айықтым. Бес жыл қатарынан келдім, – деді жасы қырықтан асқан бір жігіт. Сөйтті де, тек көзін жылтыратып қалдырып, иісі мүңкіген балшықты басына дейін жағып алды.

КҮЙІ КЕТКЕН "БАРЛЫҚ-АРАСАН"

Алакөлден 20 км қашықта "Барлық-Арасан" шипажайы бар. СССР кезінде жұрт арасында аты дүркіреген шипажай еді. Жергілікті тұрғындар бұл жерде ғарышкерлерді әкеліп емдеп, радиациясынан тазартатын деп аңыз ғып айтып жүр. Шипажай маңында құрамында күкірт, хлорлы сульфат, кремний қышқылы бар термалды минералдық 13 су көзі бар екен. Судың температурасы +43 С°. Ашық дерек көздерде Барлық суының химиялық құрамы жағынан Цхалтубо, Сарыағаш суына ұқсастығы айтылады. Минералды сумен тері, асқазан ауруларын, буын, жүйке, тыныс органдарын, гинекологиялық ауруларды емдейтіні туралы шипажайдың ішіндегі ақпараттық тақтада жазылған.

"Барлық-Арасан" шипажайындағы дәрігер отыратын үйшік.

Қазір жеке меншікке өткен шипажайдың ахуалына қарап, совет дәуіріне кері оралғандай күй кешесің. Әкпен ақталған кішкентай бөлмеде алдымен дәрігер қабылдайды. Анализ сұрап бас ауыртпайды, тек "халың қалай?" деп сұрап алып, қан қысымыңды өлшеп, қағаз жазып береді. Бір рет ванна қабылдау құны – 3000 мың теңге. "Кемінде үш күн қабылдау керек" дегесін үш күн бардық. Бірақ әбден шірігін су құбырлары мен ескі ванналарға мән беріп жатқан ешкім жоқ.

"Барлық-Арасын" шипажайындағы родон суы толтырылған ванна.

Шипажайға кіреберісте ағып тұрған суға келушілер "асқазан суы", "жүрек суы" деп атау тағып қойыпты. Бірақ басында ешқандай жазу жоқ. Ал шипажайдан сәл әрірек тауға бөктерлеп шыққанда тағы бір су көзі ағып жатыр. Сол жердегілер "көздің суы" дейді.

"Барлық-Арасын" шипажайындағы дәрігер кабинетін нұсқайтын тақта.

Ашық дерекөздегі мәлімет бойынша, бұл кешен қазір "Барлық-Арасан шипалы суы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайды, директоры ретінде Мұрат Моллаев деген кісінің аты-жөні көрсетілген. Мекеменің былтырғы табысы 18 миллионға жуық теңгені құраған.

ОРЫНДАЛМАҒАН ЖОСПАР, ИГЕРІЛМЕГЕН АҚША

Алакөлдің бұл жағасы биылға дейін Абай облысы Үржар ауданына қарап келген. 2023 жылы желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев дербес Мақаншы ауданын құру туралы жарлық шығарып, ол биыл қаңтардан бастап күшіне енді. Содан бері жарты жылдан астам уақыт өтсе де жаңа ауданның әлі штаты да толық қалыптаспаған, бюджеті де түгенделмей жүр екен. Мұны аудан әкімінің орынбасары айтты.

– Әлі жалақы да алған жоқпыз. Жұмыс істеу де ауыр болып отыр. Мамырда үш-ақ адам жұмыс істедік. Ол аздай, Павлодар мұнай өңдеу зауыты бұзылып, бензин қат болып кетті. Оны Семейден, Өскеменнен, Үшаралдан тасып, аудан әкімі келіссөз жүргізіп, жағдайды шешіп жатырмыз. Алакөл бақылауда. Былтыр [Алакөлді абаттандыруға] бөлінген 135 милионның тек 34 миллионын игеріп отырмыз. 26 миллион тек тамыздың аяғында түседі. Енді жүйенің дұрыс болмағаны ғой. Бірақ мойымаймыз. Келесі жылға жоспарымыз бар, – деді Мақаншы ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Қаңтарбаев.

"Барлық-Арасан" шипажайы. 28 шілде, 2024 жыл.

Оның сөзінше, моторлы қайықтардың қожайындарымен көлік прокуратурасы сөйлескен.

– Техникалық жарамсыз қайықтарды айыппұл тұрағына қоятыны айтылған, бірақ тұрақ аймағында ешқандай қайық көрген жоқпын. Алакөлге биыл тиісті бақылау жасап үлгермей жатырмыз. Қоқыс жинайтын трактор өте ескі. Адам көп, қоқыс-қалдықтары да көп. Күніне үш мәрте жиналады, – деді ол.

Пирс неге жоқ деген сауалды күні кешеге дейін Алакөл жағалауы өз қарамағында болған Үржар ауданы әкімдігінен де сұрадым. Аудан әкімі орнында жоқ екен, орынбасары жауап берді.

– 2018 жылы абаттандыру басталғанда бір айлақ салынып, қалтқы қойылды. Қалқымалы айлақ болып салынып, адамдар соның үстімен барып катерге отырады деп жоспарланған. Бірақ оның бәрі нәтиже бермеді. 2019-2020 жылдары пирс пен толқын басқы салу жобасы жасалды. Құны 17 миллиард теңге делінген. Ол кезде Шығыс Қазақстан облысы болды. Құрылыс басқармасы тапсырыс беруші болды. Бірақ қазір олардың ешқайсысын таппайсыз, – деді Үржар ауданы әкімнің орынбасары Серік Тілемісов.

Үкімет отырыстарының бірінде Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірде туризмді дамытудың келешегі мен саланы қолдауға бағытталған жобалар туралы айтып "2023 жылы Алакөл көлінің жағалауында жалпы сомасы 767 млн теңгеге 12 жоба іске асырылған" деген. Ұранхаев қай жобаны айтқаны көлге барған маған түсініксіз болып қалды.