Ресей әскері Украинаның Сумы қаласына дронмен шабуылдап, жеті адам қаза болды

Ресей әскері жіберген "Шахед" дронының соққысынан қираған Сумыдағы аурухана. 28 қыркүйек 2024 жыл.

28 қыркүйекте таңертең Ресей әскері Сумы қаласына дронмен шабуылдап, жеті адам қаза болды, 12 адам жараланды. Бұл жөнінде жергілікті әкімшілік хабарлады.

Украина ішкі істер министрі Игорь Клименконың сөзінше, Ресей әскері Сумыдағы медицина мекемесіне екі рет соққы жасаған. Алғашқы соққы кезінде бір адам опат болған, аурухананың төбесі қираған. Оқиға орнына құтқарушылар мен полицейлер жетіп, науқастарды эвакуациялап жатқанда Ресей әскері тағы шабуылдаған. Бұл жолы да тұрғын үйле де соққыланған.

Ресей әскері Харьков облысындағы ауылды атқылаған кезде 68 жастағы бір әйел мен бір ер адам зардап шеккен. Олардың үйлері қирады деп хабарлады облыстық әкімшілік жетекшісі Олег Синегубов.

Украина әуе күштерінің мәліметінше, 28 қыркүйекке қараған түні Ресей Украинаға әртүрлі төрт ракета мен 73 "Шахед" дронын жіберген. Екі ракета мен 69 дрон атып түсірілген. Украинаның 13 облысында әуе дабылы іске қосылған.

Ресей қорғаныс министрлігі Украинаға дрон шабуылына қатысты түсініктеме бермеді.

  • Ресей Украинаға 2022 жылы 24 ақпанда басып кірген. БҰҰ мәліметінше, екі жылдан астам уақыт ішінде Украинада ондаған мың бейбіт тұрғын опат болған, 20 мыңнан астам адам жараланған. БҰҰ сонымен бірге Ресей әскерінің түрлі қылмыстарын (дарға асу, адам ұрлау, азаптау, дөрекі қатынас, күштеп ұстау) құжатқа түсірген.