Сот полицейдің шағымынан соң маңғыстаулық белсендіні 6 айға қамады

Жамбыл Көбейсінов.

13 желтоқсанда Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық соты ақтаулық белсенді Жамбыл Көбейсінов пен оның әйелі Ділбар Бегжановаға Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" бабы бойынша үкім шығарды. Сот үкіміне сай, Көбейсінов алты айға түрмеге қамалып, Бегжанованың бостандығы шартты түрде алты айға шектелді. Сотқа олардың үстінен Маңғыстау ауданы полиция бөлімшесінің бастығы Рашид Қуандықов жеке шағым түсірген.

Белсендінің алты айға қамалғанын Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі растады. Баспасөз қызметінің мәліметінше, сот Жамбыл Көбейсінов пен оның әйелі Ділбар Бегжанованы "бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып жала жапқан" (Қылмыстық кодекстің 130-бабының 2-тармағы) деп айыптап, ерлі-зайыптыны жауапқа тартқан. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

Ділбар Бегжанованың Азаттыққа мәлімдеуінше, Жамбыл Көбейсіновті сот залынан бірден алып кеткен. Ал өзі енді он күн сайын пробацияға барып тұруы керек.

- Біз жылап залда отырып қалдық. Жамбыл көп балалы аналар мәселесін көтергені үшін қудалауға ілінді. Ылғи аймақтағы мәселені өз YouТube каналына шығарып отыратын. 1 мамырда "митингіге қатыспақшысың" деп оны полицияға алып кетпек болғанда Жамбыл барудан бас тартты. Кейін үйден оны күштеп алып кетті. Мен араша түсіп, улап-шулап жыладық. Осыны видеоға түсіріп таратқан Жамбылға полиция басшысы "беделімді түсірді, қызмет бабын асыра пайдаланды деп жала жапты" деп сотқа берді, - дейді Ділбар Бегжанова.

Ол полиция майоры Рашид Қуандықовтың өздеріне қойған шарттарының бәрін орындап, видео арқылы кешірім сұрап, оны әлеуметтік желіде таратқандарын, күйеуінің ешқандай митингіге қатыспағанын айтады.

35 жастағы Жамбыл Көбейсінов – Маңғыстау облысындағы белсенді әрі блогер. Оның YouTube желісінде жеке каналы да бар. Көбейсінов наурыз-мамыр айларында бірнеше мәрте әкімшілік жауапкершілікке тартылып, "полицияға бағынбады", "заңсыз митингіге қатысты" деген айыптармен 5-15 тәулікке қамалған. Ерлі-зайыптының алты баласы бар. Балаларының үлкені 14 жаста, кенжесі - екіде.