Министр: Бет-әлпетті тұмшалауға қауіпсіздік тұрғысынан тыйым салынады

Нұрлан Ермекбаев, дін істері және азаматтық қоғам министрі.

"Қазақстанда адамның бет-әлпетін түгелдей жабатын киім киюге тыйым азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында салынады" деп мәлімдеді дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, министр бұл туралы дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифингте "Қазақстанның діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын талқылау кезінде айтты.

Нұрлан Ермекбаевтің айтуынша, адамның бет-жүзін жабатын киімге тыйым салудың "дін мәселесімен тіке байланысы жоқ". "Жобада қоғамдық орындарда бет-әлпетті жабатын киім түрлерін киюге тыйым салу қарастырылған. Біз адамның кім екенін анықтауға кедергі болатын киім киюге тыйым салмақпыз. Іс жүзінде, бұның діни мәселеге тіке қатысы жоқ, ол қоғамдық қауіпсіздікке тиетін мәселе. Бірақ, ниқаб, пәренже немесе бетперде сияқты киімдерді кию көп жағдайда құқық қорғау органдарының адамның кім екенін анықтауына кедергі келтіреді" деді Ермекбаев.

Министр мұндай кедергі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тиімділігін азайтатындықтан, тыйым салу діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңға емес, құқық бұзушылықтың алдын алу туралы заңға енгізілетінін айтады. Ол бұл норманы дайындағанда азаматтардың, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар өкілдерінің, сарапшылардың пікірлері зерттелгенін жеткізді.

Биыл сәуірде Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жетекшілерімен кездесуде елде сақал қою мен балағы қысқа шалбар киюге заңмен тыйым салуға шақырған. "Жастарымыз білімсіздіктен сақал жіберіп, шалбарының балағын қысқартып жатыр. Қара киіммен қымтанып, бетін бүркеп алатын қазақстандық қыздар көбейді. Бұл біздің дәстүрімізге де, халқымызға да сай келмейді. Бұған заң жүзінде тыйым салу мәселесін ойластыру керек" деген Назарбаев. Оның сөзінше, қара киіну мен діннің ешқандай байланысы жоқ.

Кейін дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның жүзін жауып, кім екенін тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салатын заң жобасы дайындалып жатқанын айтқан. Министр бет-әлпетті түгелдей жабатын қара түсті киімге тыйымның орамал мен хиджабқа қатысы болмайтынын айтқан.