Баспасөзге шолу. 05.04.2007 жыл

Жұма күні жарық көрген басылымдардың бірі Қазаткомдағы қанды қақтығыс алдын ала жоспарланған деп жазды. Сонымен қатар, тағы бір газет өлім жазасына кесілген Рустам Ибрагимов журналистермен кездесуден бас тартқандығын хабарласа, бірқатар басылымдар полицияның жұмысын қоғамдық кеңес бақылайтындығына мән беріп отыр.
Қазаткомдағы қанды оқиғаның белгісіз қырлары туралы мақала «Караван» газетінде жарық көріпті. «Ресми болжам бойынша, аталған ауылдағы қақтығыстың тууына төбелес себеп болған. Алайда полицейлер арасында бұған қатысты тағы бір болжам басым болып тұр» делінген мақалада. «Бұған дейін Вита Махмаханов Жезқазған қаласында тапсырыс бойынша жүзеге асқан адам өліміне қатысты деген күдікпен қамауға алынған еді. Алайда ол абақтыда көп отырмай, прокуратура қолхатпен шығарып жіберген. Енді оны қайта қамаудың сәті түспей отыр. Өйткені, Вита Қазаткомдағы оқиғадан соң өзінің бауыры Тахир Махмахановпен бірге қашып кеткен» деп жазды «Караван» газеті. Сондай-ақ, мақала авторы Руслан Хасбулатов Қазаткомдағы қанды қақтығыс алдын ала жоспарланған деп есептейді. «Бұған Махмахановтың үйін тонағандардың арасында ауыл тұрғындары болмағандығы дәлел бола алады. Шапқыншылар Шелек, Ақши, Қызыл Қайрат ауылдары мен Алматы, Қаскелең қалалары және Оңтүстік Қазақстан облысынан келген» делінген мақалада. «Мұның барлығы алдын ала жоспарланғандығы көрініп тұр. Оқиғаның бұл жағы бұзақылық әрекетпен бүркемеленген. Алайда тергеушілер ресми болжамға үйлеспейтін жайтты анықтап отыр: наурыздың 17-күні бильярд залында Магомед Махмахановтың басы жарылғаны анықталып отыр» деп жазды «Караван» газеті.

«Деловая неделя» газеті болса А.Сәрсенбайұлы мен оның қорғаушыларын өлтірді деген айыппен өлім жазасына кесілген Рустам Ибрагимов журналистермен кездесуден бас тартқандығы туралы жазыпты. «Заң бойынша түрмедегі адамдардың бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беруге рұқсат бар. Тек оған айыпталушының өзінің келісімі керек» делінген мақалада. «Алайда Рустам Ибрагимов әзірге журналистермен кездесуді қаламайтындығын жазып жіберген. Бұл туралы газет редакциясына Қылмыстық-түзеу жүйесі комитетіндегілер хабарлаған. Алайда адвокат Нұрлан Өстеміров Арқалықтағы түрмеге барған кезінде өзінің қорғауындағы Ибрагимов журналистермен кездесуге дайын екендігін айтқан еді дейді. Соған байланысты мен мұндай өтініштің қайдан шыққанын түсінбей отырмын» депті Нұрлан Өстеміров «Деловая неделя» газетіне берген сұхбатында.

Бұл уақытта «Литер» газеті полицияның жұмысын енді қоғамдық кеңес бақылайтындығына мән беріп өтіпті. «Бұл Ішкі істер министрлігінің өз бастамасы» делінген мақалада. «Мұндай қоғамдық кеңес жақында құрылған, оның құрамына құқық қорғаушылар мен қоғам өкілдері кірген. Олар полицияның жұмысын аталған министрлікпен бір үстелдің басында талқылайтын болады. Мәселе көп, мақсат біреу – құқық қорғау жүйесін заңсыз әрекеттерден аластау» деп жазды «Литер» газеті.

Қызылорда қаласындағы мекемелерде балаларға сүт беруге тиым салынғандығы туралы мақала «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде жарық көріпті. «Бұған сәуір айында қаладағы 168 баланың сүттен улануы түрткі болып отыр» делінген мақалада. «Қазіргі таңда балалардың барлығы ауруынан айыққан. Бұл уақытта тазалық мекемелері «Ақ-Нұр» сүт зауытын тексеріп, ондағы өнімдерді дайындағанда техникалық ережелер сақталмағандығын анықтады. Ал балалар уланған айранның құрамынан «стафилококк» заты табылған. Сонымен қатар, аталған зауыт қаладағы басқа да мекемелерді сүтпен қамтамасыз етіп келгендігі анықталды. Қазір балалар мекемелеріне сүт жеткізуге тиым салынды. Оларға сүт өнімдерін тарату құқығына ие мекеме тендердің нәтижесінен соң анықталады» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

«Айқын» газеті болса осы жылы Байқоңырда бірыңғай ұлттық тест өтпейтіндігіне назар аударып отыр. «Байқоңыр ғарыш айлағындағы 6 мектепте оқушылар қазақ тілінде дәріс алып жатыр. Мектеп түлектерінің бірыңғай сынақтан өту мәселесі биыл да оңды шешілмей қалатыны анық» делінген мақалада. «Осы түйткілді шешу мақсатында Үкімет 2006 жылы орта мектептің базасынан тестілеу орталығын ұйымдастыру туралы шешім шығарған еді. Өкінішке қарай, бұл мектептің биыл тұрмақ, уақытта көрсетілген келесі жылдың соңында да қатарға қосыла қоятыны күмәнді. Бұл құрылыс осы күні консервацияға қойылыпты. Сонымен, алдағы екі жылда кешенді қалада қазақ мектептерін бітіретін оқушыларға арналған тестілеу мекені ашылмайтыны қазірдің өзінде мәлім болды. Осыған байланысты биыл да мұндағы түлектерді көрші Қармақшы ауданының орталығы - Жосалы кентіндегі орталыққа тасымалдаудың жайы қарастырылып жатқанға ұқсайды. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеу ережесіне сәйкес түлектердің барып тапсыратын орталықтары 50 шақырымнан аспауы керек. Бұл тұрғыдан келгенде, Байқоңыр мен Жосалының арасы 90 шақырым қашықтықты құрайды» деп түйіндейді «Айқын» газеті.