Баспасөзге шолу. 01.30.2007 жыл

Сейсенбі күні жарық көрген басылымдар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Берлинге сапарына орай Қазақстан мен Германияның экономикалық және саяси мүдделеріне баса мән беріпті. Сонымен қатар, тағы бір басылым әлемдегі энергетикалық тапшылықтың салдарынан Кеңес одағы қайтадан құрылуы мүмкін бе деген сұраққа жауап іздепті.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Германияға жұмыс сапармен барғандығы туралы «Айқын» газеті былай деп жазыпты: «Президенттің бұл сапары ГФР Канцлері Ангела Меркельдің арнайы шақыртуымен болып отыр. Сейсенбі күні екі мемлекет басшылары ресми кездесуін өткізеді». Сонымен қатар, газетте Нұрсұлтан Назарбаевтың Берлинде қоғамдық саяси топтардың өкілдерімен, ірі неміс компанияларының басшыларымен кездесетіндігі жазылған.

Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев Германияда төртінші мәрте жұмыс сапармен барғандығы «Казахстанская правда» газетінде айтылыпты. «Германияның Қазақстанға қатысты саясаты Орталық Азия жөніндегі федералдық тұжырымдамасынан туындайды. Еуропада энергетика мәселесі күрделене түскендігіне орай Қазақстан мен Германия арасындағы байланыс жаңаша сипатқа енді. Оған қоса Германия – Қазақстанның басты сауда әріптестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі жақты тауар айналымы 4 миллиард евроға жуықтаған» деп жазды «Казахстанская правда» газеті.

Германияның Қазақстанға ерекше назар аударуының негізінде тек экономикалық қана емес, саяси мүдделер бар екендігі «Егемен Қазақстан» газетінде айтылыпты. «Біріншіден, Германия ОБСЕ аясында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі саясаттың ойдағыдай жүзеге асуына мүдделі. Екіншіден, Германия Орталық Азия аймағын еуропаны Ислам әлемінің тұрақсыз аймақтарынан бөліп тұратын «тұрақтылық белдеуіне айналдыру ниетін көздейді. Үшіншіден, Германия Каспий аймағының саяси және экономикалық мүдделер қайшылығы ортасына айналмауын қалайды» делінген «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақалда.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Берлинге сапарын көршілес Ресей елі де жіті бақылап отырғандығына «Литер» газеті мән беріпті. «Осыдан бір жыл бұрын Астана мен Мәскеу арасында көмірсутек тұтынушылармен сепараттық келіссөздер жүргізбеу туралы ресми емес сөзбайлам болған. Алайда, Кремль артынша мұндай уағдаластықтарды қайшы келетін әрекеттерге барды. Бұл жағдай басқа да стратегиялық әріптестердің жаңаша бастамаларға баруына жол ашады» деп жазды «Литер». Сонымен қатар, аталған басылым тағы бір маңызды жағдайға тоқталып өтіпті. «Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев Германияға сапарларынан кейін Мәскеуге соғып өтетін еді. Ал бұл жолы Қазақстан Президенті Берлиннен Украинаға қарай ат басын бұрмақ» делінген «Литер» газетіндегі мақалада.

Энергетикалық тапшылықтың салдарынан Кеңес одағы қайтадан құрылуы мүмкін бе деген сұраққа «Жас Алаш» газеті жауап іздепті. Әлемдік экономикалық сарапшылар Давос қаласында өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда 2008 жылы мұнай бағасының күрт шарықтап кетуі салдарынан Кеңес одағы қайтадан құрылуы мүмкін екендігін айтқан. Мұнай баррелі 150 долларға дейін көтеріліп, соның салдарынан бұрынғы Кеңестер одағының құрамында болған кейбір мемлекеттер саяси-экономикалық мүддемен қайтадан бірігіп, одақ құруы ғажап емес деген болжам форумға арнайы дайындалған баяндамада оқылған. Алайда, «Жас Алаш» тілшісі мұндай болжамның орындалуына күмән келтіреді. Соңғы уақытта Давос форумының мінберінен айтылған болжамдардың көпшілігі нысанадан қиыс кетіп жүр. Дегенмен де алда жалда мұнайдың бағасы шарықтап кетсе, Қазақстанның қалі не болмақ? Егер шынымен де мұнайдың бағасы 150 долларға дейін көтерілсе, энергетикасы тапшы мемлекеттердің біразы Қазақстанға тәуелді болып, өзіміз жиі айтып жүрген Орталық Азиялық одақ құрылуы әбден мүмкін деп жауап беріпті «Жас Алаш» газетінің сауалына саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек.