Баспасөзге шолу. 08.29.2006 жыл

Сейсенбілік баспасөз Қазақстанда Парламент сайлауы қашан өтеді деген сұраққа жауап іздепті. Сонымен бірге басылымдар қазақ-қытай шекарасындағы «Қорғас» кеден бекеті жүк мәшинелерін өткізбей жатыр екен деген әңгімені билік өкілдерінің жоққа шығарғандығын жазыпты.
Сейсенбі күні жарық көрген «Жас Алаш» газеті «Парламент депутаттарының саны көбейтіле ме?» деген сұраққа жауап іздепті. Осындай бағанамен басылған мақалада Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері парламент мәжілісінің құрамын 134 депутатқа дейін көбейтуді мақұлдап отырғандығы айтылған. «Мәжіліс құрамы кеңейтілсе, 134 депутаттың 67-сі бір мандатты округтен, ал қалған 67-сі партиялық тізім бойынша сайланбақшы. Парламент депутаттарының саны көбейтілгенімен, парламенттің сапасы арта ма?» делінген мақалада. Осы сауалға орай «Жас Алаш» газетіне пікірін білдірген саясаттанушы Сәбит Жүсіпов бұл сайлаудың қандай жүйеде өтетіндігін мәселе етіп қойыпты. Оның пікірінше, Парламент сайлауы қазір болса, онда партиялық тізімде өткізу керек. «Сайлау жақын арада емес, бір жарым жылдан соң, яғни «Алға» партиясы мен Жармахан Тұяқбайдың социал-демократиялық партиясы тіркелген соң өткізілсе, мен бұған жағымды құбылыс ретінде қарайтын едім» депті «Жас Алаш» газетіне пікір білдірген Сәбит Жүсіпов.

Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның тамыздың 28-күні өткен төртінші отырысында Қазақстанның 2009 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәселесі де қаралғанына «Егемен Қазақстан» газеті мән беріпті. Бұл тақырып бойынша баяндама жасаған Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рахат Әлиев Қазақстанның кандидатурасын ресми түрде қолдағандардың қатарында ТМД елдерінен басқа Еуропалық 14 мемлекеттің атын атаған. «Ашық қарсы болмаса да дәл 2009 емес, кейінгі уақытта қолдауды айтып тұрған негізінен АҚШ пен Англия ғана екен» деп жазды «Егемен Қазақстан».

Ал «Айқын» газеті болса «мемлекеттік комиссияның 4-ші отырысында заңды қорғау мен коррупцияға қарсы күресте бар елді бастап, алдыңғы шепте жүруге тиісті органдардың, керісінше өз іштеріндегі сондай былықтардың батпағына малтығып, алға адым жасай алмай жүргендері ашық айтылды» деп жазыпты. «Жиында ресми жария етілген мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылдың тек алты айында ғана әртүрлі деңгейдегі құқық қорғау органдарының 15090 қызметкері сотталыпты. Оның 183-і жемқорлық қарекеті үстінде қолға түскен. Жоғарғы соттың өкілі, Қылмыстық істер бойынша коллегияның төрағасы Әбдірашит Жүкеновтің айтуынша, тек биылғы жартыжылдықта осындай 23 судья жұмысынан қуылған» делінген «Айқын» газетіндегі мақалада.

Бұл уақытта билік өкілдерінің «Қазақ-қытай шекарасында 500 жүк мәшинесі қаңтарылып тұр» деген әңгіменің бос сөз екендігін айтып баспасөз мәслихатын өткізгендігі «Литер» газетінде баяндалыпты. Кедендік бақылау комитетінің төраға қызметін атқарушы Бауыржан Әбдішев «Қорғас» кеден бекеті төңірегіндегі әңгіменің ойдан шығарылғандығын, аталған кедендегі өткізу пунктінің жұмысы тоқтатылмағандығын айтыпты. «Ешкім кәсіпкерлерді тауарлары мен көліктерін тіркеу үшін Алматыға баруға мәжбүрлемеген» деді Әбдішев мырза. «Оның айтуынша, кеден қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр, ал мәшинелердің қаңтарылып қалуы тіпті болған емес» деп жазды «Литер» газеті.

Кедендік бақылау комитетінің төраға қызметін атқарушы Бауыржан Әбдішевтің «Қорғас» төңірегіндгі әңгімені қылмыстық әрекетке қатысы барлар шығарып жүр» деген мәлімдемесін «Экспресс К» газеті келтіріпті. Қазіргі таңда «Қорғас» кеден бекеті күніне 50-60 жүк мәшинесін өткізе алады. Немесе кәсіпкерлердің жүк жеткізілетін жерде тексерілуіне болады. Мәселен, астаналық кәсіпкерді Алматыда тексертуге ешкім мәжбүрлей алмайды, депті Бауыржан Әбдішев. Оның пікірінше, мұндай қауесетті бұған дейін «қырғыз транзитін» пайдаланып келгендер шығаруы мүмкін. «Жақында қазақ-қырғыз шекарасында кезекті операция өткізіліп, соның нәтижесінде көптеген алып-сатарлар тауар тасудың бұл жолынан бас тартуға мәжбүр болған. Ол кәсіпкерлер тауарды Қытайдан сатып алған соң Қазақстан арқылы Қырғызстанға өтіп, кеден салығын сол жерде арзанға төлеген соң қайта Қазақстанға әкеліп жүрген» деп жазды «Экспресс К» газеті.