Шаңырақтағы қақтығыстан кейін Әуезов ауданының әкімі басқа жұмысқа ауыстырылды

Алматы маңындағы Шаңырақ тұрғындарының сот шешімі бойынша заңсыз салынған деп танылған үйлерді бұзуға барған полициямен шілденің 14-күнгі қақтығысынан соң қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов басқару аппаратына өзгерістер енгізді. Шаңырақтықтар болса қақтығыс кезінде ауыр жараланып облыстық ауруханаға түскен 21 жастағы ауыл тұрғынын ата-анасымен кездестіруін талап етті. Бұл уақытта бірқатар қоғамдық ұйымдар Шаңырақ ауылындағы қалыптасқан жағдайды бейбіт жолмен реттеуге шақырып, мәлімдеме жасап отыр.
Аумағына Шаңырақ елді-мекені кіретін Әуезов ауданының әкімі Владимир Устюгов, өткен жұма күнгі Шаңырақтағы оқиғадан соң Алматы әкімінің шешімімен басқа жұмысқа ауыстырылған. Бұл туралы «Азаттық» радиосына дүйсенбі күні Шаңырақ жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Қонысбай Бейсенов хабарлады:

- Ауыс-түйіс болғанда, тек орындарын ғана ауыстырған. Басқа қызметке жіберілген Владимир Устюговтың орнына бұған дейін де қалалық әкімшілікте істеп жүрген Әділ Несіпбаев келді.

Бұл қызметке жаңадан тағайындалған Әділ Несіпбаевтың жұмысы Шаңырақ тұрғындарының үш өкілімен кездесуден басталды. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов Шаңырақтың үш тұрғынын шақырыпты дегенді естіп, шілденің 17-күні түске таман әкімшілік ғимаратына барған ауыл өкілдерін ауданның жаңа әкімі қарсы алды, деді Шаңырақ тұрғыны Қорлан Даутова. Оның айтуынша, шаңырақтықтармен кездесуге аз уақыт бөлген жаңа әкім ондағы мәселені шешуге күш салатындығын айтқан.

Шаңырақтықтарды шілденің 14-күнгі полициямен қақтығыста жараланып, облыстық ауруханаға түскен ауыл тұрғыны 21 жастағы Аңсардың жағдайы алаңдатады, деді Қорлан Даутова.

- Жараланған Аңсар деген бала қазір Қалқамандағы ауруханада жатыр. Палатаның алдындағы күзет ешкімді жіберіп жатқан жоқ. Қақтығыс кезінде Аңсарға полицияның оқу гранаталарының жарықшағы екі жерден тиген. Сонымен бірге полиция қолданған гранатаның біреуі көзден жас ағызатын газбен болды. Және олар резеңке оқтар қолданған, - деді Шаңырақ тұрғыны Қорлан Даутова.

Ал шілденің 14-күнгі қалалық әкімшілікте ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында билік өкілдері Шаңырақтағы текетірес кезінде ешқандай қару қолданылмағанын айтқан болатын. Сонымен бірге қалалық әкімшіліктің баспасөз хатшысы Альберт Сафуллин полиция мен тұрғындар арасындағы қақтығыс кезінде денесінің көп бөлігі күйіп қалған полиция қызметкері Әсет Бейсенов қаладағы ауруханалардың бірінде ауыр халде жатқандығын айтты.

Бұл уақытта Шаңырақ тұрғындары, жұма күні болған оқиғаны көпшілікке жеткізу үшін дүйсенбі күні түстен кейін қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін ауылға жинады.

Шаңырақ тұрғындарының әлеуметтік жағдайынан туындаған бұл проблеманы бейбіт жолмен шешуге үндеген бірқатар қоғамдық ұйымдар билік тарапына үндеу-мәлімдемелер жасап жатыр. Дүйсенбі күні Орталық Азия бойынша адам құқы жөніндегі мұсылмандар комитеті деп аталатын ұйымның қазақстандық билікті Шаңырақтағы жағдайды ұшықтырмай шешуге шақырған мәлімдемесі интернет сайттарының бірінде жарық көрді. Сонымен бірге Қазақстандағы «Болашақ» республикалық жастар қозғалысы шілденің 17-күні Алматыда баспасөз жиынын өткізді.

- Шаңырақтағы жағдайдан неге Отан партиясы секілді басқа да ірі күштер шет қалып отыр? Біз жергілікті биліктен халықтың сөзін тыңдап, бейбіт келіссөздердің басталуын қалаймыз. Адамдар бір-бірін таспен немесе тоқпақпен қарсы алмаса деп тілейміз. Қалалық әкімшілік шаңырақтықтарға қаланың басқа ауданынан жер бөліп беруге немесе өтемақы төлеуге қабілеті жететіндігін айтқым келеді, - деді аталған ұйымның төрағасы Фархат Қасенов.

Шаңырақтағы қалыптасқан жағдайға байланысты «Азаттық» радиосы Алматы қаласы тұрғындарының да пікірін білген еді:

- Жұмыстың негізгі көзі қала болғандықтан ауылдағылар урбанизация процесіне қосылып, бос жатқан жерлерге жолын тауып тұрақтауға тура келді. әу бастан заңдық негізде жүргізбеген саясаттан әлеуметтік қақтығыстың шеті көрініп отыр. Қазақтың жері кең, мәселені бейбіт жолмен рационалды түрде шешуге болады.

- Мен күш қолданғандығына қарсымын. Өйтені тұрғындар ол жерлерге үй салып, су мен жарық жеткізгеннен кейін бұзып тастау әділетсіздік қой. Қала басшылығы бұзамыз деуі - дұрыс емес.

- Қаланың сыртындағы кішкентай жер үшін халықты сонша жылатқанша сол жерлерді бере салу керек қой.

Алматы қаласының прокуратурасы өткен жұма күні Шаңырақтағы қақтығыста автокөлікті өртеп, билік өкілдерін соққыға жыққандардың жауапқа тартылатынын ескертіп отыр.