Баспасөзге шолу. 06.17.2006 жыл

Сенбілік баспасөз Алматыдағы саммитке жиналған 17 елдің басшылары Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау туралы құжатқа қол қоятындығына назар аударды. Сонымен бірге басылымдарда маусымның 18-күні Байқоңырдан қазақстандық тұңғыш жер серігі - «Казсат» ұшырылатындығы айтылса, бірқатар газеттерде шенеуніктер жер серігін ұшыруға бөлінген қаржыны депозитке салып жіберген деген деректер берген.
«Кеңестер Одағының құлайтындығын болжап білген америкалық сарапшы Збигнев Бжезинский: «алдағы бірнеше онжылдықта құрлықтың Еуропа мен Таяу Шығыс арасындағы бөлігі әлемнің тұрақсыз мекеніне айналуы мүмкін» деген-тін. Сарапшының бұл болжамын болдырмау мақсатында кезінде Қазақстан президенті аймақтық құрылым жасауды ұсынған еді» деп жазды «Литер». Бұл жердегі әңгіме Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі туралы болып отыр. Маусымның 17-күні аталған форумның осыған дейінгі қызметінің нәтижелерін шығару үшін аймақ басшылары Алматыға жиналды. Ресейдің ресми өкілі Михаил Комынин бұл кеңестің мүмкіншілігі артып келе жатқандығын айтқан. Алайда, көптеген сарапшылар жақын арада Азиядағы сенім шаралары кеңесі Бжезинскийдің болжамын болдырмай тастайтын ұйымға айналатындығына күмән келтірген» деп жазды «Литер».

Ал «Егемен Қазақстан» газеті болса Азия кеңістігінің келбетін сипаттауда кезіндегі Қытай төрағасы Дэн Сяопиннің «Азияда бәрі бір көрпенің астында ұйықтайды, бірақ әрқайсысы әртүрлі түс көреді» деген сөздерін келтіріпті. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесіне құрлықтың 17 мемлекеті мүше. Бұл елдердің жалпы аумағы 39 миллион шаршы шақырымды қамтиды, яғни бүкіл Азия аумағының 89 пайызы. Оларда 2,8 миллиард адам, немесе күллі жер шары тұрғындарының 45 пайызы тұрады. «Форумның ерекше мәні деп, Алматыда орналасатын Азия Кеңесі хатшылығының іске кірісуін атауға болады. Хатшылық Форумның әкімшілік, ұйымдастырушылық және техникалық қызметін қамтамасыз етеді» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

Осы тақырыпта сөз қозғаған «Известия: Казахстан» газеті форумда қаралатын мәселелердің маңыздылығына ден қойған. «Сенім шаралары кеңесі саммитінің қорытындысы бойынша ұйымға мүше мемлекеттер аймақтағы және әлемдегі қауіпсіздік мәселесі бойынша Азия мемлекеттерінің ұстанымы көрсетілген декларация қабылдайды. Айта кетерлік бір жайт, аталған саяси құжатта кеңеске мүше мемлекеттердің Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалауға және жаппай қырып жоятын қарудың таралмауына қатысты көзқарастары қамтылған» делінген «Известия: Казахстан» газетіндегі мақалада.

Алматыдағы форумның қауіпсіздігін үш мыңға жуық полиция өкілдері қамтамасыз ететіндігі «Казахстанская правда» газетінде айтылды. «Олардың барлығы да жоғарғы деңгейде қызмет көрсету жағдайында жұмыс істейді. Алматылық полицейлерге Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарындағы әріптестері көмектесетін болады» деп жазды «Казахстанская правда».

Баспасөздің назарын аударған тағы бір тақырып – қазақстандық тұңғыш жер серігі - «Казсаттың» ұшырылуы. Маусымның 18-күні «Казсат» кемесі ғарыш көгіне ұшырылады деп жоспарланған. «Оның жұмысы Ақмола облысындағы Ақкөл қаласының жанына орналасқан кешенде бақыланатын болады» деп жазды «Егемен Қазақстан». «Мұнда жайғасқан дөңгелек табақшалар заматында ғарышпен байланыс жасап, бәрін жерден басқарады. Бұл орталықтың жалпы аумағы 7 мың шаршы метрді жуықтайтын алып құрылыс өткен жылдың аяғында толық аяқталған еді. Ал қазақстандық ғарыш саласының түсімі жылына 30 пайызға артып келеді. Сондай-ақ қазақстандық жер серігінен телекоммуникациялық қызмет алуға Қырғызстан, Өзбекстан және Әзірбайжан елдері де мүдделілік танытып отыр. Жер серігі ұшқан сайын елдегі телекоммуникация тарифтері төмендей бермек. «Казсат» жасанды жер серігінің ұшырылуы Қазақстанды өздерінің дербес жер серіктері бар 25 елдің қатарына енгізбек» деп жазды «Егемен Қазақстан».

«KazSat» сиыр болмаса да, шенеуніктер сауып үлгеріпті» атты бағанамен басталатын «Айқын» газетінің мақаласы Қазақстанның алғашқы жер серігіне тиесілі қаржы жайын баяндайды. «Жер серігі әлі ғарышқа ұшырылған жоқ, ал шенеуніктер ендігі одан пайда тауап жатқан көрінеді» деп жазылған мақалада. Индустрия және сауда министрлігі отандық спутникті орбитаға жеткізу үшін қарастырылған қаржыға венчурлық қор құрыпты, дегенді «Айқынға» берген сұхбатында сенатор Жансейіт Сәрсенқұлов айтыпты. Оның айтуынша, қор құрылған күннен бастап сол бойы жұмыс істемеген, ал қордың жарғылық капиталына арналған 2 миллиардтай қаражат депозиттік салым түрінде банктерге аударылған. «Біз талай сұрастырдық, жауап ақыры келмеді, дейді сенатор. Тек былтыр ғана Индустрия және сауда министрлігінің бағдарламалар администраторлары 22 миллиард 700 миллион ақшаны депозиттерге орналастырып, 500 миллион сыйақы алып отырған» деп жазды «Айқын» газеті.