Баспасөз шолуы. 05.26.2006 жыл

Жұма күнгі басылымдар Рахат Әлиевті айыптағаны үшін сотқа тартылған Арат Нарманбетовтың АҚШ-тың Федералдық Тергеу бюросына шағымданғалы жатқандығын жазды. Байқоңыр ғарыш қалашығы тұрғындарының тіршілігі мен Алматыдағы жас таланттар сарайының бұлыңғыр болашағы да баспасөз назарына ілікті.
Қазақстан президентінің үлкен күйеу баласы, елдің сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рахат Әлиевтің жеке басын айыптағаны үшін сот үкімімен бір жылға бас бостандығынан айырылған Арат Нарманбетов барлық ақпаратты Федералдық тергеу бюросына жеткізеді» деп жазды «Zonakz» тәуелсіз интернет сайты. Мамырдың 25-күні Нарманбетов осы іске қатысты сот шешімімен келіспейтіндігін айтып, Алматы қалалық сотына шағым түсірген. Ал қалалық сотқа қандай да бір ақпарат беру ойыңызда бар ма деген сұраққа Нарманбетов: «Бізге Федералдық тергеу бюросынан жауап келді. Бұл кездесуді біз бір ай бойы күткенбіз, енді біз қалалық сотқа дейін солармен кездескелі отырмыз» деп жауап берген. Федералдық бюроға қандай мақсатпен хабарластыңыз деген сұраққа, «мен оларға бәрін айтып беремін» деген Нарманбетов. Әзірге Алматы қалалық сотындағы тыңдау қашан өтетіндігі белгісіз» деп жазады «Zonakz» тәуелсіз интернет сайты.

Ал «Караван» газеті Байқоңыр тұрғындарының жай-күйі жайлы мақаланың жалғасы басылды. «Қазақстандық шенеуніктердің комиссиясы ғарыш айлағындағы қалашықтан адам құқығы бұзылып жатқан ешқандай жайтты кезіктірмеген» деп жазды аталған басылым. «Ал бұған дейін Байқоңырда Адам құқығы жөніндегі уәкіл Болат Байқадамов болып, бұл жерде адам құқығы сақталмай отырғандығын айтқан болатын. «Караван» журналистері Байқоңырда «персона нон грата» саналады. Біз ғарыш қалашықтағы жағдайды жергілікті әкімшіліктің берген ақпарымен емес, тұрғылықты халықтың айтуымен сипаттап жазғанымыз үшін айыптымыз» делінген мақалада. «Үлкен саясат – құптарлық дүние. Ал кішкентай қалашық тұрғындары неге сол саясаттың құрбаны болуы керек» деген сұрақпен түйінделген «Караванда» басылған мақала.

Маусымның 18-күні Байқоңыр қалашығынан «Казсат» деп аталатын қазақстандық алғашқы жасанды жер серігі ұшырылғалы жатыр. «Роскосмос» басшылығы оның ұшырылуын тікелей қадағалайтын болады деп жазды «Панорама» газеті. Аталған компанияның басшысы Анатолий Перминов жұмыстың қалай жүріп жатқандығын тексеру үшін Байқоңырға барған. «Казсаттың» ұшырылу сәтіне Қазақстан және Ресей президенттері де қатысады деген жоспар бар. «Роскосмос» өкілдерінің айтуынша, жұмыс кесте бойынша сәтті жүріп жатыр. Қазір спутникті ғарышқа шығаратын «Протон-К» ракета тасығышы тексерілу үстінде» деп жазды «Панорама» газеті.

Бұл уақытта Үкімет екінші спутникті дайындауға кірісіп кеткендігі туралы «Экспресс К» газетінде айтылған. Жуық арада «Казсат-2» байланыс және телетаратылым спутнигі мен жерді барлауға арналған «Д33» жүйесін жасауға тендер жарияланатын болады. Қазірдің өзінде Ресейдің ғарыш орталықтары осы жобаға қатысты өзінің ұсыныстарын білдірген. «Д33» спутнигі Каспий теңізі аумағын зерттеу мақсатын көздейді» делінген «Эксперсс К» газетінде.

Баспасөзде жиі көтеріліп жүрген тағы бір тақырып - Алматыдағы жас таланттар сарайы төңірегіндегі жағдай. «Новое поколение» газеті осы мәселенің кейбір белгісіз қырларын оқырманмен таныстырған. Газеттің дерек көзі бойынша, әл-Фараби атындағы жас таланттарды қолдау қоры қалалық әкімшіліктің шешімімен 1992 жылы құрылыпты. Қорды басқаратын Досмұхамбет Нұрахмет, ал аталған ғимаратты өткізу жағына қалалық әкімшілік тарапынан Виктор Храпунов жауапты болған. Сол уақытан бері бұл ғимарат бос тұрған да, тек 2005 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал содан кейін қордың жұмысына қалалық прокурор тексеру жүргізіп, ауданаралық мамандандырылған сотқа шағым түсірген. Кейін бұл шағым қайтарып алынады да, артынша қор иесі «Альпари» компаниясына сатып жібереді» делінген мақалада. Осы мәселеге қатысты Виктор Храпунов былай деген: «2003 жылға дейін ғимарат мемлекет меншігі саналып келді. Ал сол жылы «Қоғамдық ұйымдар туралы» Заң қабылданып, соған сай бұл иелік те қордың меншігіне айналып шыға келді». «Бұл заңды кім және қандай мақсатпен жасады деген заңды сұрақ туындайды» деген Виктор Храпунов. Ал «Новое поколение» газеті тағы бір сұрақтың жауабын білгісі келеді. «Алматының құрылысына қатысты жоспар бар ма екен және оны қалай көруге болады?» делінген аталған басылымда.