Пәкістан тергеушілері Талибан милициясының тұтқынға түскен баспасөз өкілінен жауап ала бастады

Тергеушілер соңғы жылдары халықаралық жаңалық агенттіктеріне берген сұхбаттарында АҚШ жасақтары мен Ауғанстанның үкіметтік күштеріне қарсы Талибан шабуылдары турасында көп айтқан Абдул Латифия Хакимидің берген жауаптарынан көп жайттарды анықтауға тырысты.
Талибан милициясының басшы өкілдерінің бірі болған бұл тұлғаны Пәкістанның қауіпсіздік күштері елдің оңтүстік-батысындағы Кута қаласына жасаған шабуылы кезінде қолға түсірген болатын. Пәкістан ресмилері «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Хакимимен бірге Талибанның тағы бір күдікті өкілі ұсталғандығын айтқан. Бірақ, Пәкістанның ішкі істер министрі Ахмед Хан Ширпао алдағы жүргізілетін операциялардың құпиясын жария етпеу мақсатында бұдан басқа нақтырақ деректерді айта алмайтындығын мәлімдеді:

-Дәл қазір мен тек қана Талибанның өкілі Абдул Латифия Хакимидің тұтқындалғанын ғана айта аламын.

Пәкістанның ақпарат министрі Шейх Рашид Ахмед Хакимидің ұсталуы Талибан туралы көбірек деректер жинақтауға мүмкіндік береді және алдағы апталарда Талибанның басқа да маңызды деген тұлғаларын тұтқындауға көмектеседі деген ойын ортаға салды:

- Біздің әскеріміз бен қауіпсіздік күштеріміздің оны ұстағаны үлкен олжа. Біз оған көп уақыттан бері іздеу салған едік. Оның қолға түсуі бізге көп ақпар беріп, құпияларды ашады. Және біз оның қолға түсуі маңызды ақпараттарға қол жеткізеді, өйткені ол БАҚ-тармен байланыста болды, ол олардың баспасөз өкілі еді ғой. Ол Талибан жетекшілерімен тығыз қарым-қатынаста болды. Бұл біздің қауіпсіздік күштеріміз бен әскерлеріміз үшін үлкен жетістік.

Ахмед сейсенбідегі шабуылдар кезінде қолға түскен компьютерлер мен басқа да қағаздар мен құжаттар туралы еш түсініктеме бермеді. Хакимидің Талибанмен байланысы ертеден, Талибан режимі Ауғанстанда билік құрып тұрған кезден басталады. 1999 жылы Талибанның Шариғат даусы үкіметтік радиосы Хакимиді Герат провинциясындағы әділет депратаментінің басшысы ретінде таныстырған болатын. Ал 1999 жылдың аяғы және 2000 жылдары Талибан баспасөзі Хакимиді Гераттағы ақпарат және мәдениет департаментінің бастығы деп жазған болатын.

2001 жылдың аяқ кезінде АҚШ күштерінің көмегімен Ауғанстанның Талибанға қарсы жасақтары Молла Омар режимін құлатқан соң, Хакими Пәкістанға қашып кеткен делінеді. Ал 2003 жылдың жазынан бері өздерін Талибанның баспасөз өкіліміз деп жариялаған бірнеше адам болды. Олардың бірі - сол жылы өзін Талибан басшылығындағы 10-шы санды тұлға деп атаған - Мохаммед Мохтар Можахед. Кейінірек ол Жаңалық агенттіктерімен байланыста болатын Хамид Ага дегенді атаған болатын. Содан бері де бірқатар адам өздерін Талибан атынан сөйлеушілерміз деп атап келді. Көбіне бұлардың мәлімдеулері бір-біріне қайшы келіп жататын. Міне, енді бұл тізім Хакимимен тұйықталды.

Осы жылдың бас кезінде Карачидегі "Ислам" деп аталатын газет Мохаммед Ясир Талибанның баспасөз жетекшісі, ал Хакими оның көмекшісі болып тағайындалды деген хабар берген-ді. 2004 жылдың екінші жартысынан бері Хакими Талибанның басты даусы ретінде шығып жүрген уақытта, Ясир Араб телераналарынан көрініп жүрді. Пәкістанның ақпарат министрі «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Хакимидің тұтқындалуына қосымша жақын арада Хамид Ага мен Мохаммед Ясир екеуі де ұсталатын болады дегенді айтты.