Өзбекстанда былтыр болған шабуылдар үшін айып тағылғандарға сот басталды

Дүйсенбіде Ташкентте 20 адамға қарсы террор мен экстремизм айыбы бойынша сот ісі басталды. Билік былтыр Ташкент пен Бұхарада 47 адамның өмірін қиған жарылыстарға осылардың қатысы бар дейді. Адам құқын қорғаушылар бұл сот процесі бейбіт мұсылмандарға қарсы өзбек үкіметінің ұйымдастырған науқаны деген пікір айтады.
Осы аптаның алғашқы күні басталған сот ісінде айып тағылып отырған 20 азаматтың жас шамалары ары кетсе 20-ның ар жақ бер жағында. Олар Ташкенттегі Хамза атындағы көшеде бірге өсіп-ержетіп, бір мектепке, бір мешітке барған құрдастар деуге болады. Осы жігіттердің бірінің қорғаушысы Фарида Рахимова былай дейді:

- Бұлардың бәрі де жастар, әрқайсысы 20-ға енді келгендер. Олардың көбінің басын біріктіретін нәрселер ұқсас - бірі каратэмен шұғылданса, енді бірі Мәскеуде оқып жатқан студент.

Бұлардың бәріне де Конституцияға қарсы қимылдарға барды, экстремистік ұйымдармен байланыста болды, бұзақылық, терроризм, кісі өлтіруге қатысты деген айыптар тағылып отыр. 2004 жылы қыркүйек айында олар сол жылдың көктемі мен жазында Өзбекстанның әр жерінде болған жарылыстарды жүзеге асырды деп айыпталған болатын.

Ол жарылыстардың кейбірін жанкештілер жасаған еді. Сол 2004 жылы барлығы 47 адам опат болса, одан бұрын, 1999 жылы 12 адамның өмірін қиған Ташкенттегі жарылыс та осы жігіттердің қолынан келді деген айыптаулар да қосылған.

Өзбек үкіметі бұл жарылыстардың барлығына Ислам экстремистік тобын айыптайды. Дүйсенбі күнгі сот тыңдауларынан кейін, Азаттық радиосына сұхбат берген адвокат Рахимова айыптауларды негізсіз деп айтты:

- Дүйсенбіде біз көптеген жала, өтірікті, тіпті, прокурордың өзінен де естідік, айыптаушы тарап бұдан екі-үш жыл бұрын болған оқиғаларды да осылардың мойнына қойды. 1999 жылы кешірерсіздер, бұлардың жасы 12-13 жастағы бала болғанын білуге болады.

Айыпталып отырған жастардың ата-аналары өз балаларының исламның ваххабизм тармағына берілген жандар екендігін айтады. Ваххабизм исламды қайта жаңғырту теориясын, Сауд әулетінің мемлекеттік идеологиясын ұстанады. Ваххабизм Орта Азияға 1990 жылдардың басында келді. Айып тағылып отырғандардың тағы бірінің анасы өз баласының Ташкенттегі жарылыстар кезінде қалада болмағанын айтады. Ол, сондай-ақ, өз баласын мұсылмандыққа берілген жан дейді:

- Менің балам ешқандай айыпты іс жасаған жоқ, оның айыбы - 13 жастан намаз оқығаны. Біздің президент кешірім сұраса, айыбы кешіріледі деді, ол сұраған еді, бірақ, оған кешірім болған жоқ.

Адам хұқтары ұйымдарының белсенділері сияқты, түрмеге жабылғандардың көпшілігінің туыстары да мұсылман тұтқындар президент Кәрімовтың атына кешірім хаттарын жөнелтіп, рахымшылыққа іліну үшін өз нанымдарын өзгертетіндері жөнінде жазғандарын айтады. Егер олар өздері ұстанған діннен бас тартса, шошқа етін жеп, түрлі азаптаулар-қинаулар нысаны болады. Адам хұқтары белсенділері мен тәуелсіз бақылаушылар Өзбекстанда мыңдаған мұсылман өз наным-сенімдері билік тарабынан күдік туғызғаны үшін ғана оп-оңай түрмеге жабыла салады дегенді айтады.

Мәскеудегі Адам хұқтарын құрметтеу орталығының Орта Азия бағдарламасының директоры Виталий Пономарев былай дейді:

- Бұл процесс қолдан жасалған процестердің жалғасы, оның жаңа толқыны өткен жылғы көктемдегі оқиғадан кейін басталды. Мұнда да заң бұзушылықтар, тергеудегі адамды азаптау, діни көзқарасына байланысты адамды қудалау және тағы басқа көптеген хұқықтардың бұзылу мысалдарын көруге болады.

Бұл сот процестерінің тұсында көкектің 11-күні "Хұрриат" атты тәуелсіз газеттің тілшісі Собиржан Якубов ұсталған болатын. Өткен жұмада Өзбекстан İшкі істер министрлігінің шенеунігі Әлішер Шарафутдинов журналист Якубов Конституциялық жүйеге қарсы келетін әрекеттері үшін тұтқындалды деген болатын. Журналистің әріптестері болса, Якубовқа тағылған айыптар негізсіз дегенді айтады. Олар Якубов мұсылмандыққа берілгендігі үшін ғана емес, журналистік белсенділгі үшін тұтқындалып отыр деп атап көрсетеді.

Өзбекстан мұсылман веб-сайтының сәуірдің 19-ында жазғанына қарағанда, Якубов украиндық журналист Георгий Гонгадзенің өлімі жайында және өзінің Меккеге қажылық сапары турасында мақалалар жариялаған екен.