Шииттердің жетекшісі Мұхтада ас-Садр заңсыздық қимылдарын тоқтатып, Ирақтың саяси тұлғасына айналып барады.

Ирақтағы шиит мұсылмандарының радикалды жетекшісі Мұхтада ас-Садрдың заңсыздықты қойып, ықпалды саяси мүмкіндігі болатындай тұлғаға айналып бара жатқаны жөнінде айтыла бастады. Мұхтада ас-Садр сәрсенбі күні өзін қолдайтын әскерлердің көпшілігіне Ирақтың оңтүстігіндегі Нажаф қаласын босатып шығуға бұйрық берді. Сөйтіп қасиетті қаладағы ас –Садрды қолдаушылардың әрекеті басылып келеді, ал Вашингтон болса болашақта шииттер жетекшісінің саяси тұлғаға айналуына кедергі жасамайтындығын айтқан.
Шындығында шииттердің радикалды басшысы Мұхтада ас-Садрдың Ирақтың тәуелсіз үкіметімен ынтымаққа барып, көтерілісші басшыдан сасаткерлікке ден қоя бастағандығының белгілері байқала бастады.

Соның бір басты айғағы, жаңалықтар агенттіктерінің хабарлауынша, Мұхтада ас-Садр Мехди армиясының милициясына Нажафты босатып, үйлеріне қайтуға бұйрық еткен. Осылайша көкек айында басталып, шиит жетекшісін қолдаушылар мен коалиция күштері арасындағы қанды шайқастарға дейін барған теке-тірес аяқталғандай. Мұның өзі апталарға созылған келіссөздердің нәтижесі деуге болады. Ол келіссөздерге қатысқандардың кейбірі Ирақтың жаңа үкіметінің мүшелері болатын.

Жүргізілген келіссөздердің негізгі мазмұны әзіерге дейін құпиялау болып тұр. Өйткені Ирақтың жаңа уақытша үкіметі мен Ас-Садр өткен жылы өлтірілген бәсекелес шиит жетекшісінің өліміне байланысты Ас-Садрды қамауға алу жөніндегі АҚШ талабын жұмсарту немесе кейінге қалдыру турасында қандай да бір мәмлеге келе алды ма, жоқ па, ол жағы әлі анық айқын емес.

Бұл аптада сондай-ақ енді Ас-Садр саяси тапсырма бойынша қимыл-әрекет жолына түседі деген де белгілер аңғарылып қалды. Мәселен сейсенбі күні АҚШ президенті Дж. Буш таңғаларлық бір сөз айтты, президент егер Ирақ үкіметі Мұхтада ас-Садрға қандай да бір саяси басшылық әрекеттеріне рұхсат ететіндей болса, онда Вашингтон оған қарсылық білдіріп, наразы болмайды деген-ді.

-Ирақтың уақытша үкіметі егер мақсат үшін қажет деп тапса, онда Ас-Садрмен бірге жұмыс жасай алады. Олар егеменді, біз толық тәуелсіздікке өтеміз дегенде, біз оларға толық тәуелсіздік берілетіндігін айтқан болатынбыз. Жане олар Ас- Садрмен соған сәйкес қарым-қатынасқа бара алады,- деп атап көрсеткен ол. Буштың бұл мәлімдемесі ендігі жерде АҚШ-ң Мұхтада ас-Садрға көзқарасының өзгергенін білдіреді.

Бұдан бір ай ғана бұрын президент Буш Ас-Садрдың милициясын Ирақ еліндегі демократиялық құрылымды дамытуға жол бермейтін бас кесерлер тобы деп атаған болатын.

Ол уақытта Ас-Садр да өзінің мәлімделерінде қандай да бір ымыра, келісімге бара қоймайтындығын айтып, Ирақты АҚШ басқыншылығынан азат ету үшін аяғына дейін күресетіндігін жариялап жүрген. Бұл өткен жылы Саддамның тақтан құлатылуын құптап қарсы алған Ас-Садрдың Ирақтың басқарушы кеңесімен де, АҚШ-пен де ынтымақтастыққа бармайтындығын білдірген болатын ол кезде.

-Мен ең алдымен тек Құдайдан қорқамын. Мен бұл ел үшін өзімді құрбандыққа беруге бармын. Мен Ирақ адамдарына арнаған үндеуімде, екінші бір айтарым, елдің тәуелсіздігіне қол жеткізіп, толықтай азат еткенге дейін менің өліміме жол беруге болмайды,-деп айтқан болатын Ас-Садр көкек айындағы сөзінде.

Алайда соңғы күндер көп жайттардың жылдамдықпен өзгеріп жатқанын, тараптардың қандай да бір ортақ мәмлеге келе бастағанын көрсетіп отыр. Өткен аптада Ирақтың уақытша үкімет басы Ияд Аллауи көптеген жақтармен өз милициясын тарату жөнінде келісімдерге қол жеткенін айтқан болатын.

Ал бұл аптада Ас-Садр Ирақта алда болатын сайлауға қатыса алатындай саяси блок құратындығы жөнінде біржақты мәлімдеді. Бұл шешімді Ирақтың президенті Ғази әл- Иауар ризалықпен қабылдады.

Сарапшылардың кейбірі бұндай өзгерістерді бас көтеру әрекеттеріне баратын көтерілісшілерге қарсы Ирақтың өз стратегиясы деп те атай бастады.

Лондондағы Патшалық бірлескен қызметтер институтының талдаушысы Даниел Нип бұл жөнінде мынандай пікір-көзқарас білдіреді:

- Менің ойымша бұндай қадам Ирақтың жергілікті с яси тұлғаларды оқшаулап тастамай, олармен біртіндеп келісімдерге келу, сөйтіп ондай адамдарды жүйеге енгізу тұрғысындағы талпыныс іс-әрекеттері. Менің білуімше бұл ерекше бір қарсылық-өкпесі бар жергілікті адамдармен немесе қауымдастықпен ерекше бір байланыс, қарым-қатынастарға бару тәсілін байқатады. Дегенмен де осы ай барысындағы мұндай алға басушылық қадамдары жаңа бір қақтығысты оқиғаларсыз, толықтай қауіпсіздік әкеле қояды деп сендіре қоймайды. Соның бірі АҚШ әскерлері түнгі шабуылдар барысында Ас-Садрдың аға көмекшісін тұтқындағандығын айтқан. Мұндай тұтқындаулар коалиция күштерінің тұрақсыздық себебі болып келген Ас-Садр милициясына қысым көрсете беретінін білдірсе керек.