Accessibility links

Мариупольдің атқылауға ұшырауы. 11 наурыз 2022 жыл.
Мариупольдің атқылауға ұшырауы. 11 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 4-10 сәуір арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

10 сәуір. Украинадағы соғыстың 46-күні. Негізгі ақпараттар:

  • Северодонецкіде 10 сәуір таңертең мектеп пен екі тұрғын үй атқылауға ұшырады.
  • Киевке барған Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Украинаға қосымша әскери көмек беретінін мәлімдеді.
  • Зымыран соққысы жасалған Краматорск вокзалында қаза болғандар 52 адамға жетті.
  • Ресей әскері Миргород қаласына зымыранмен соққы жасап, қаладағы инфрақұрылым нысаны қирады. Екі адам зардап шеккен.
  • BBC: Ресей Украинадағы операцияға жетекшілік еткен қолбасшыны ауыстырды. Оған Украинада соғысып жатқан орыс әскері арасында әлсіз координацияны нығайтып, 9 мамырға дейін соғыстан "қандай да бір нәтиже шығару" жүктелген болуы мүмкін.
  • БҰҰ босқындар ісі жөніндегі агенттік соғыс басталғалы бері Украинадан 4,3 млн адам босып кеткенін мәлімдеді.
  • АҚШ Ресей мұнайы импортын тоқтататын заңға қол қойды.
  • Алматыда Ресей консулдығы алдында Буча қырғыны құрбандарын еске алған белсенділерді полиция ұстап, бірнеше сағаттан кейін босатты.

Кремль Воронцова мен Тихонова Путиннің қыздары екенін алғаш рет мойындады

Путиннің үлкен қызы Мария Воронцова мемлекеттік арнаға сұхбат беріп тұр.
Путиннің үлкен қызы Мария Воронцова мемлекеттік арнаға сұхбат беріп тұр.

Кремль жуырда АҚШ санкция салған Катерина Тихонова мен Мария Воронцова Владимир Путиннің қыздары екенін ресми түрде алғаш рет мойындады.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге берген сұхбатында Кремль Путиннің қыздарына салынған санкцияға міндетті түрде жауап береді деп мәлімдеді.

Ресей басшысы бұған дейін эндокринолог Мария Воронцова және ғылыми менеджер Катерина Тихонова өзінің қыздары екенін растамаған, жоққа да шығармаған еді.

Жуырда АҚШ Ресейдің Украинаға агрессиясына байланысты ресейлік Сбербанк пен Альфа-Банкқа, сонымен бірге бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктерге және олардың отбасы мүшелеріне жаңа санкция салған. Шектеу қойылған адамдар арасында Путиннің қыздары да бар.

АҚШ әділет министрлігінің бастапқы тізімінде Путиннің қыздарының аты-жөні болмаған, кейін тізімде Воронцова мен Тихонова есімді екі әйелдің аты-жөні пайда болды.

Воронцова – медицина ғылымының кандидаты, 2011 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің фундаменталды медицина факультетін "емдеу ісі" мамандығы бойынша тәмамдаған. 2014 жылға дейін Балалар эндокринологиясы институтында ординатурадан өткен. 2021 жылы сәуірде ол жетекшілік ететін генетикалық зерттеуге билік 200 млрд-тан астам қаражат бөлетіні белгілі болды.

Тихонова "Иннопрактика" қорына жетекшілік етеді. 2021 жылы қарашада технологиялық инвестиция қорын тіркеу туралы өтініш берген. Қор стартаптарға инвестиция құюмен айналысады.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Путиннің қыздарына салынған санкцияның "символдық мәні бар", себебі Тихонова мен Воронцованың шетелдегі активтері туралы ақпарат белгісіз.

Нобель сыйлығының иегері Дмитрий Муратовқа шабуыл жасалды

Шабуылға ұшыраған Дмитрий Муратов.
Шабуылға ұшыраған Дмитрий Муратов.

Мәскеу-Самара пойызында Нобель сыйлығының иегері, "Новая газета" басылымының бас редакторы Дмитрий Муратовқа ацетон араласқан майлы бояу шашып кетті. Бұл туралы ол "Новая газета.Еуропа" басылымына айтты.

Оқиғаның қай жерде болғаны нақтыланбады. Кешкі 08:10 уақытында Қазандағы вокзалдан "Жигули" пойызы жүрген. Шамасы ол сол пойызда болған. "Новая газета.Еуропа" басылымында пойыздың тоқтатылғаны айтылады. Муратовтың сөзінше, шабуылдаған адам "Муратов, мә саған біздің жігіттер үшін" деп айтқан.

Муратов 2021 жылғы қазанда филиппин журналисі Мария Рессамен бірге Нобель бейбітшілік сыйлығын алған. Журналистерге бұл сыйлық "демократия мен бейбітшіліктің шарты саналатын пікір еркіндігін қорғауға деген талпынысы" үшін берілді. Наурыздың соңында Муратов өзіне берілген Нобель медалін аукционға қойып, түскен ақшаны украин босқындарына аударатынын айтқан. Ол тараптарды атысты тоқтатып, тұтқын алмасып, қаза тапқандардың мәйітін қайтаруға, гуманитарлық дәліз ашуға шақырған.

Осының алдында "Новая газета" басылымы жұмысын "Украина аумағындағы арнайы операция тоқтағанша" тоқтата тұратынын мәлімдеген. Оған дейін басылым Роскомнадзордан екінші рет ескерту алған. Содан кейін билік газеттің лицензиясын тартып алуы мүмкін еді.

Ақпан соңында Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін "Новая газета" Кремльге бағынышты емес бұқаралық ақпарат құралдары ішінде Ресейде қалып, бұғаттаудан аман қалып келген санаулы басылымның бірі еді. Басылым билік талабына көніп, "соғыс" сөзінің орнына "арнайы операция" сөзін қолданып келді. Бірақ газет Украинадағы жағдай туралы жазбады.

БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресейді Адам құқығы жөніндегі кеңестен шығарды

БҰҰ Бас ассамблеясы. Экранда Ресейді Адам құқығы кеңесінен шығару қарары бойынша дауыс берген елдердің тізімі. 7 сәуір 2022 жыл.
БҰҰ Бас ассамблеясы. Экранда Ресейді Адам құқығы кеңесінен шығару қарары бойынша дауыс берген елдердің тізімі. 7 сәуір 2022 жыл.

БҰҰ Бас ассамблеясы Украинадағы соғысы үшін Ресейді БҰҰ Адам құқығы кеңесінен шығарып тастады.

Дауысқа шығарылған қарарда Ресей әскерінің Украина аумағында адам құқығын өрескел бұзғаны айтылады.

Ресейді кеңестен алып тастауды 93 ел қолдаған, 24 ел қарсы шыққан. Қарсы дауыс бергендер ішінде Қытай мен Қазақстан бар. Үндістан бастаған 58 ел қалыс қалған. Қарарды қабылдау үшін 193 елдің қалыс қалғандарынан бөлек үштен екісі қолдап дауыс беруі керек еді. Reuters агенттігінің жазуынша, Ресей қарарды қолдап дауыс беруді достыққа жат қадам деп қарайтынын мәлімдеген.

Мәскеу Украинадағы бейбіт азаматтарға қарсы агрессиясын мойындамай келеді.

Мемлекетті Адам құқығы кеңесінен шығарып тастау сирек кездеседі. Соңы рет мұндай жағдай 2011 жылы болған. Ол кезде кеңестен Ливияны шығарған. Ол елдің басшысы Муаммар Каддафи үкіметке қарсы митинг қатысушыларына зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталған.

Енді Ресей кеңес отырыстарында сөз сөйлеп, дауыс бере алмайды, бірақ оның дипломаттары кеңестегі дебаттарға қатыса алады. Reuters дереккөздерінің айтуынша, Ресей бұдан былай БҰҰ кеңесіне сенімді тұлғалары арқылы ықпал етуге көшеді.

БҰҰ Адам құқығы кеңесінің мүшелері үш жылға сайланады. Ресей мен Украина Шығыс Еуропа елдері арасынан 2021-2023 жылдар аралығына сайланған.

Киев түбіндегі Буча қаласы сәуірдің басында Ресей әскерінен азат болып, қалада ондаған бейбіт азаматтың өлтірілгені мәлім болды. Мәйіттер арасында қолы артқа қайырыла байланғандар да болды. Қалада бауырластар зираты да пайда болған. Украина билігі 300-ден астам бейбіт тұрғынның опат болғанын айтады. Әлемдік қауымдастық бұл қылмысты жасаған Ресей әскері деп отыр.

Ресей Бучадағы бейбіт азаматтарды өлтірді деген айыпты жоққа шығарып, мұны "Украинаның арандатуы" деп атады.

Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба НАТО-дағы мәлімдемесінде "Донбасс үшін соғыс Екінші дүниежүзілік соғысты еске салатын болады" деді.

Ол "Донбасс үшін қақтығысқа мыңдаған танкі, ұшақ, бронетехника қатысады" деп топшылайды.

"Санаулы күннің ішінде бізге көмектеспесеңіздер, көмектеріңіз кешіксе, көп адам өледі" деді Кулеба НАТО мүшелеріне қайырылып.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG