Accessibility links

Түркістанда сот Зағамбар ауылындағы оқиғаға қатысты 14 адамның ісін қарай бастады


Түркістан облысындағы Зағамбар ауылында өртенген малқора. Түркістан облысы, 24 сәуір, 2024 жыл.
Түркістан облысындағы Зағамбар ауылында өртенген малқора. Түркістан облысы, 24 сәуір, 2024 жыл.

26 қыркүйекте Түркістан облысы Төлеби аудандық соты Зағамбар ауылында "оқушы қызды зорлаған" деген сыбыс тараған соң шу шығып, екі көлік және бірнеше қора өртенгеніне күдікті деп танылған 14 адамның ісін қарай бастады. Олардың бәріне Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабы бойынша айып тағылған. Айыпталушылардың бесеуіне бұған қоса "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабымен айып тағылып отыр. Істі судья Ғани Байарыстан қарап жатыр.

Бұған дейін айыпталушылар Ердос Өскенбаев, Жеңіс Әбдіразақұлы, Саят Мамай қамаудан кепілмен босатылған, ал Ермек Пернебаев, Әбдіғани Нармет, Ернұр Мейірбек, Асан Сауырбаев, Дәурен Қабыл, Нұрдәулет Әзімхан, Бексұлтан Кауке, Аян Төлебек, Нұрсұлтан Истамбеков, Жайсанбек Қалыбеков, Рахым Сламханды ешқайда кетпейтіні туралы қолхат беріп бостандықта жүр.

Сот отырысына айыпталушылар мен олардың қорғаушылары және істе жәбірленуші деп танылған сегіз адам қатысты.

Айыптау актісіне қарағанда, айыпталушылар "кәмелет жасына толмаған қыз зорлық көріпті" деген хабар естіген соң ауыл шетіне жиналған. "Алдын ала сөз байласып, көліктер мен қораларды қасақана өртеуді жоспарлаған" деп жазылған актіде.

Айыпталушылардың бәрі "Бұзақылық" бабы бойынша айыпты мойындады. Бұған қоса, "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабымен айып тағылған бес адамның үшеуі "екінші айыпқа келіспеймін және мойындамаймын" деп мәлімдеді.

«Оқушы қыз зорланған» ауыл дүрлікті. Зағамбарға арнайы жасақ кірді
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:39 0:00

Биыл 23 сәуірде Зағамбар ауылында аралас мектептің оқушы қызын "бірге оқитын жасөспірім зорлапты" деген суыт хабар тараған. 24 сәуірге қараған түні ауылда бірнеше көлік пен мал қора өртеніп, белгісіз біреулер бірнеше үйге тас лақтырған.

Зағамбарға полиция жасағы кіріп, интернет пен телефон байланысы өшірілген. Таңертең ауылда арнайы жиын өтіп, түске жақын блокпост қойылған.

Кейін Түркістан облыстық полиция департаменті Зағамбар ауылында тұратын "кәмелетке толмаған балаға қатысты жыныстық сипаттағы заңсыз әрекет фактісі бойынша" тергеу басталғанын, күдікті ретінде жасөспірім мектеп оқушысы қамауға алынғанын хабарлады.

Бұл істе 10-сыныпта оқитын жасөспірім ұл күдікке ілінген. Онымен бір мектепте 9-сыныпта оқитын қыз жәбірленуші деп танылған.

Зағамбар ауылы Төле би ауданының орталығы Ленгер қаласынан 7 шақырымда орналасқан. Жергілікті халық негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады, жақын маңдағы жекеменшік кәсіпорындарда жұмыс істейді. Ресми мәлімет бойынша, ауылда тұратын бес жарым мыңға жуық адамның 4 мыңнан астамы – өзбек ұлтының өкілдері.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG