Accessibility links

Тәжікстан Хорог қаласындағы қарсылық акциясын күшпен басқан. Бір адам өліп, үш адам жараланған


Таулы Бадахшан автономиялы облысының Хорог қаласында қарсылық акциясына шыққан адамдар. Тәжікстан. 14 мамыр 2022 жыл
Таулы Бадахшан автономиялы облысының Хорог қаласында қарсылық акциясына шыққан адамдар. Тәжікстан. 14 мамыр 2022 жыл

16 мамырда Тәжікстанның құқық қорғау органдары Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы Хорог қаласында өткен қарсылық акциясына күш қолданған, резеңке оқ пен көзден жас ағызатын газ пайдаланған.

Азаттықтың Тәжік редакциясына түскен мәліметтерге қарағанда, бұл оқиға кезінде бір адам өліп, үш адам жараланған. Тәжікстан билігі бұл ақпаратты растаған да, терістеген де жоқ.

Қарсылық акциясына байланысты өзге мән-жайлар әзірге белгісіз. Тәжікстан билігі қарсылық акциясы жайлы ақпарат таратпай отыр.

14 мамырда Таулы Бадахшан автономиялы облысының жүздеген тұрғыны облыс басшысы мен Хорог қаласының мэрін қызметінен босатуды талап етіп, қала әкімшілігінің алдына жиналған. Алайда билік талап заңсыз деп, мәселені қарастырудан бас тартқан. Тәжікстан құқық қорғау органдары наразыларға резеңке оқ пен көзден жас ағызатын газ қолданған.

16 мамырда Азаттықтың Тәжік редакциясына жергілікті тұрғындар жіберген видеода құқық қорғау органдарының резеңке оқ пен көзден жас ағызатын газды қарсылық акциясына қолданып жатқаны көрінеді.

Хорог қаласынан түскен екі мәліметте үш адамның жараланып, ауруханаға жөнелтілгені айтылады. Бұл ақпаратқа қарағанда "атыс әлі жалғасып жатыр, қалада интернет ажыратылған".

"Бадахшан" телеарнасы облыс прокурорының "заңсыз" митингіге шыққандардың қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертіп, тарауға шақырған үндеуін беріп жатыр.

Жергілікті телеарнада сөйлеген облыс прокуроры Парвиз Орифзода 14 мамырда басталған қарсылық акциясын "осы облыстың бейресми лидері Мамадбокир Мамадбокиров пен Тәжікстанда тыйым салынған Ұлттық альянс жетекшісінің орынбасары Әлім Шерзамонов ұйымдастырып, Тәжікстанның қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр" деп мәлімдеген.

16 мамырда Азаттықтың Тәжік редакциясымен сөйлескен Әлім Шерзамонов наразылықты басу үшін билік қарсылықты акциясын ұйымдастырушыларды "ойлап тапқанын" айтқан.

Мамадбокир Мамадбокиров Азаттықтың Тәжік редакциясына "наразылардың талаптары өзгермейтінін" хабарлады.

"Түннің бір уағы болса да қала халқы көшеде жүр… Бүгін 100-ге жуық адам облыстық хукуматқа беттеді. Құқық қорғау органдары резеңке оқ атып, көзден жас ағызатын газ шашып тоқтатты. Бірнеше адам жараланды" деді Мамадбокиров.

Оның сөзінше өткен жылдың қыркүйегінен бері тәжік құқық қорғау органдары Хорогтың 8 тұрғынын қамаған, бірнеше адамға іздеу жарияланған.

Тәжікстан билігі Хорог тұрғындары облыс орталығында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны үшін қамалғанын айтады.

2021 жылы 25 қарашада Таулы Бадахшан автономиялы облысына қарайтын ауылдардың біріндегі құқық қорғау органдарының арнаулы операциясы кезінде жергілікті тұрғын өлтірілген. Содан бері бұл облыстағы халықтың көңіл-күйі ширығып тұр. Кісі өлімінен кейін Хорогтың орталық алаңына бірнеше мың адам митингіге шығып төрт күнге дейін тарқамаған. Олар кісі өлтірген адамды жауапқа тартуды, облыс басшысы Әлішер Мирзонаботты қызметінен босатуды және Хорогтан әскерді шығарып, интернетті қосуды талап еткен.

Тәжік билігі наразылар тарайтын болса, телефон байланысын қалпына келтіруге, кісі өлімі бойынша қылмыстық іс қозғауға және әскерді алып кетуге уәде берген. Митингі 28 қарашада аяқталған, алайда жергілікті белсенділер ұйымдастырған тәуелсіз комиссия мүшелерінің сөзінше, билік әлі күнге уәдесін орындамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG