Accessibility links

Transparency International жемқорлық индексінде Қазақстан сегіз сатыға төмендеді


Қаңтардың басындағы дүрлігу кезінде отқа оранған Алматы әкімдігі. 5 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтардың басындағы дүрлігу кезінде отқа оранған Алматы әкімдігі. 5 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстандағы қаңтар оқиғасы жемқорлықты елеусіз қалдырудың қаншалық қауіпті екенін көрсетті дейді Transparency International. Халықаралық ұйымның жаңа зерттеуінде биліктің экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары төңірегіндегі жемқорлық дауына көңіл бөлмегені айтылады.

Transparency International ұйымы 25 қаңтар күні жарияланған "Жемқорлық индексінде" Қазақстанға 100-ден 37 балл берген (100 балдық шкалада нөл мемлекеттік секторда жемқорлық деңгейі мейлінше жоғары екенін, 100 мейлінше төмен екенін білдіреді). 2021 жылдың қорытындысы бойынша жасалған индексте Қазақстан 2020 жылға қарағанда 1 балға төмендеп, Шри-Ланка және Гамбия елдерімен бірге 102-орыннан табылған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда сегіз орынға түскен, жемқорлық деңгейі өте жоғары мемлекет деп танылған.

Осы айдың басында сұйылтылған газ бағасының екі есе артуына қарсылық ретінде туған наразылық тұтас ел бойынша дүрлігуге ұласты. Наразылықтың түпкі себебі ретінде әлеуметтік теңсіздік пен жемқорлықтың өршіп кеткені аталды. Осының бәрі парақорлықпен күресудің қаншалық маңызды екенін көрсетті дейді Transparency International.

Ұйымның жазуынша, кейінгі он жылда Қазақстанның көрсеткіштері біршама жақсарған, бірақ әлем елдері арасындағы орташа көрсеткіштен әлі де төмен. Елде жемқорлыққа қарсы жаңа заңнама қабылданды, ал билік бірқатар даулы тергеулер жүргізді. Сөйте тұра кінәлі деп танылған шенеуніктер не амнистияға ілігеді, не мерзімінен бұрын босатылады.

Назарбаевтың туыстарына тағылған жемқорлық айыптары елеусіз қалып келеді дейді ұйым. Зерттеушілер мұның дәлелі ретінде Азаттық радиосының 2020 жылы жүргізген зерттеуін келтіреді. Онда экс-президент туыстарының шетелдегі жалпы құны 785 миллион доллар болатын жылжымайтын мүліктері туралы айтылған еді. Азаттық Назарбаевтардың Еуропа мен АҚШ-тағы зәулім үйлерін әшкере етті. Зерттеу туралы басылымдар көп жазды, бірақ мемлекеттік органдар бұл зерттеуден кейін ешқандай қадам жасамады.

Transparency International сондай-ақ "Пандора құжаттары" дейтін зерттеуді де тілге тиек еткен. Онда Назарбаевтың "тоқалы" деген әйелдің қазақстандық олигархтарға қатысы бар компаниямен құпия келісім жасасып, сол арқылы ондаған миллион доллар пайда тапқаны әшкере болған. Бірақ билік бұл жолы да үнсіз қалған.

Елдегі жемқорлықпен күрес қызметі көбіне ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау секілді салаларға басымдық берген. Ал мұнай-газ, қаржы, құрылыс секілді ірі салалар мемлекеттік органның назарын тыс қалған деп санайды Transparency International.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG