Accessibility links

АҚШ Конгресі Америка әскерлерін Ирақтан 2008 жылы шығаруға шақырып отыр


АҚШ Конгресінде Америка әскерлерін Ирақтан шығарудың мерзімін белгілеуге деген ұмтылыс артып келе жатқан сияқты. Наурыздың 27-і күні Сенатта әскер саласын қаржыландыру заңына Ирақтағы жасақтарды әкету туралы бапты кіргізбеу талпыныстары өтпей қалды, сенаторлар ол заң жобасын жақын күндері дауысқа салулары тиіс. Ал өткен аптада Өкілдер палатасы Ирақтағы АҚШ жасақтарын үйлеріне қайтаруға шақыратын заң жобасын мақұлдаған болатын.

АҚШ Сенаты бір аптадан бері әскер саласына бөлінетін миллиардтаған доллар қаржыны Ирақтағы АҚШ әскерлерін алып кетудің нақты күнімен байланыстырып, орындалуы міндетті делінбейтін, ұсыныс ретіндегі бұл шараны сол қаржыландырудың ішіне қосу үшін күресіп жатыр десе болады.

Демократтар бақылауындағы Сенат Ирақтан АҚШ жасақтары 2008 жылдың 31 наурызына қарай шығарылуы керек дейді. Одан әрі қарай тек террорға қарсы жаттығулар мен қауіпсіздік операцияларын жүргізетін шағын әскерлер ғана қалдырылуы мүмкін.

Алайда, Ирақ пен Ауғанстандағы соғыс операцияларына 122 миллиард доллар бөлуді көздейтін заң жобасы Сенаттағы президент Бушты қолдайтын республикандықтар тарабынан қатты қарсылыққа душар болуда.

Ақ үй Ирақтан жасақтарды алып кету туралы әңгіменің айтыла бастауының өзі ол елдегі бүлікшілердің бас көтеруіне әкеледі деп өз уәждерін алға тартуда.

Сейсенбі күнгі талқылаулар екі тараптың бұл мәселеде күрестері ширыға түскенін байқаттты. Республикандықтар әскерді қаржыландыру заңының мәтініне Ирақтан жасақтарды шығару деген бапты кіргізбеуге тырысып бақты. Бірақ, дауысқа салу барысында олардың бұл ұсыныстары 48-де 50 дауыспен екі даусы кем шығып, өтпей қалды.

Сонымен қазіргі таңда АҚШ-та Ирақтағы әскерлерді алып кету мәселесі қызу пікірталасқа арқау болып тұрғанын көрсетеді. Республикандық сенатор Джон Маккеинді тыңдап көрейік:

«Ирақтағы АҚШ әскерлерінің қолбасшылығына бірауыздан генерал Дэвид Петреус тағайындалды. Біз енді неге оның стратегиясын онда жұмыс істеу мүмкіндігінен айырамыз? Біз неге ондағы жаулар жеңіле бастағанда олардың қолына жеңісті бере салуымыз керек. Бізге мұрсат беріңіздер, күнделікті бастарын қатерге тігіп күресіп жатқан американдық солдаттардың өз мақсаттарына жетуіне, жоспарларын табысты жүзеге асыруларына қажетті уақыт берейік».

Республикандықтар осылай десе, Ирақтан әскерді шығару мерзімін белгілеу жөніндегі ұсынысты қолдайтын кейбір республикандықтар мен демократтардың да алға тартар өз уәждері бар.

Tағы бір республикандық сенатор Чак Хейгел былай дейді:

«Америка әлемде өзін қауіпті жағдайға түсіріп, оқшауланған бағытқа тап болды, біз ұлт ретінде мұсылмандармен соғысып жатқандай көрінеміз. Бұндай қауіпті және әлсіз сезім жаңа ғасырда әлем маңыздылығының жаңа орталығы ізделіп жатқан уақытта толық өзгеріске ұшырауы керек. АҚШ Ирақтан әскерді алып кетуді жоспарлауы тиіс. Ирақтағы соғыстың құны американдықтардың өмірі, долларлаған қаржы, әлемдегі орнымыз деген тұрғыда елімізді құртып барады».

Қорыта айтқанда, заң жобасында Ирақтан әскерлерді шығарудың мерзімі турасындағы баптың қалдырылуы ол заң үшін жақын күндері дауыс берілетіндігін көрсетеді, бірақ нақты қай күні екендігі әзір белгісіз.

Ал атап айтқанда заңға кіргізілген редакция ол қабылданып, күшіне енген соң президентті Ирақтағы американ жасақтарын 120 күннің ішінде біртіндеп шығара бастауға шақырады. Ал ең соңғы мерзім деп келер жылдың 31 наурызы көрсетілген.

Бір атап өтерлігі, бұл заңда айтылып отырғандар орындалуға міндетті делінбейді, ұсыныс түрінде ғана еніп отыр.

Иә оның ұсыныстар екендігі рас, бірақ сонда да болса мұндай мәселе үлкен пікірталас туғызып тұрғанын көрсетеді. Мұндай заң жобасын Конгрестің өкілдер палатасы өткен аптада мақұлдап, онда Ирақтағы әскерлерді шығару мерзімі деп келер жылдың тамыз айының аяғы көрсетілген болатын.

Енді Сенатта заң дауысқа түскен соң, ол Президент алдына барады. Президент оны не мақұлдайды немесе оған вето қояды. Өткен аптаның өзінде-ақ президент Буш мұндай заң өз жұмыс столыма жетер болса, оған вето хұқын қоямын деген болатын.

Қазір Ақ үйде вето қою хұқы таңдалады дегенді анық айтып отыр. Бірақ та заңға вето хұқын қоюмен Вашингтондағы Ирақтан АҚШ әскерлерін шығару мерзімі турасындағы күреске нүкте қойылмаса керек.
XS
SM
MD
LG