Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.02.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдардың бірқатары Президенттің күйеу баласы Рахат Әлиевтің шағымына орай сот басталғандығына мән беріп өтіпті. Сонымен қатар, тағы бір газетте «Валют-Транзит-Банкін» мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі күшіне енгендігі жазылса, басылымдардың бірі мемлекет есебінен тегін пәтерге ие болған шенеуніктердің тізімін жариялапты.

Рахат Әлиев пен «Нұрбанктің» бұрынғы төраға орынбасарының зайыбы Армангүл Қапашева арасында сот басталғандығы «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайтында баяндалыпты. «Наурыздың 1-күні Алматының Медеу аудандық сотында Марат Мақсұтовтың төрағалық етуімен, Президенттің күйеу баласының шағымына сәйкес сот басталды» делінген мақалада. «Рахат Әлиевтің қорғаушысы Любовь Балмағамбетованың қарсылығына қарамастан, сот төрағасы «Нұрбанктің» бұрынғы басшысылары Ғылымов пен Темірәлиевтің жақын достарын, «Нұрбанктің» бұрынғы басқарма төрағасының өзін, «Кең-Дала» іскер орталығының өкілдерін куә ретінде сотқа қатысуына рұқсат берді» деп жазды «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты.

Осы тақырып төңірегінде «Деловая неделя» газеті былай деп жазыпты: «Рахат Әлиевтің шағымына сәйкес сот алдында жауап беруші Армангүл Қапашева газет тілшісіне берген сұхбатында алғашқы сот мәжілісінің қалай өткендігіне көңілі толатындығын айтқан. Сот төрағасы Мақсұтов мырза Қапашеваның жақтаушылары қойған талаптардың барлығын қанағаттандырып, 9 кісіні осы іс бойынша куә ретінде қатыстыруға рұқсат берген» деп жазды «Деловая неделя» газеті.

Бұл уақытта «Валют-Транзит-Банкін» мәжбүрлеп тарату жөніндегі сот шешімі күшіне енгендігі туралы «Панорама» газетінде айтылыпты. «Сөз болып отырған банктің заңгері Қайрат Синеевтің хабарлауынша, банк басшылығы Қарағанды ауданаралық экономикалық сотының шешіміне шағым түсіруді жөн деп таппаған. Осылайша, наурыздың 1-нен бастап қаржы бақылауы жөніндегі мемлекеттік агенттігі тарату комиссиясын құрып, өндірісті тарату жұмыстарына кірісуі керек. Аталған агенттік өткен жылғы желтоқсанның 26-күні «ВТБ» банктік операцияларын тоқтатып, оны тарату жөнінде сотқа шағым түсірген болатын» делінген мақалада. «Мемлекеттік агенттіктің мәліметі бойынша, банк операциялары тоқтатылған уақытта «ВТБ» активтері 19 миллиард теңге көлемінде, ал міндеттерінің жиынтық сомасы 52 миллиард теңге шамасында болған» деп түйіндейді «Панорама» газеті.

Ал «Караван» газеті болса оң рөлді көлік иелерінің жол полициясы комитетінің төрағасына қарсы шағымы бойынша сот тыңдауы өткендігіне мән беріпті. «Сөз болып отырған процестің жақында басталатын түрі көрінбейді. Комитет төрағасы Өмірзақ Түсімов бірде бір рет сот процесінде бой көрсетпеді» делінген мақалада. «Сөт төрағасы Эльмира Исаева алғашқы сот тыңдауы кезінде жоғарғы шенді шенеуніктердің Астанадан сотқа келетіндігіне күмән келтірген. – Біз Түсімов мырзадан ресми түрде сұрағанымызда, ол өзінің мүддесін Алматы Ішкі істер департаментінің өкілі қорғайтындығын айтты, - депті сот төрағасы». Алайда жол полициясы комитетіндегілер «Караван» газетінің тілшісіне Алматының Әуезов ауданының сотынан ешқандай қағаз келмегендігін хабарлапты.

«Экспресс К» газеті мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтерге ие болған шенеуніктердің тізімін жарялауды бастапты. Газеттің бүгінгі нөмірінде Орал қаласындағы тегін үйлердің шенді иелерінің тізімі жарық көрген. «Тізімдегі адамдардың көбісі оралдықтарға жақын таныс тұлғалар болып шықты. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы ішкі саясат бөлімінің төрағасы М. Сапашев мырза 2003 жылы бір мәрте, 2004 жылы екі мәрте өзіне тиесілі үш баспананы «иесіздендіріп», жаңадан салынған тегін үйге қоныстанған. Ал әкімшіліктің шаруашылық бөлім басқармасының қызметкері Б. Испаев өз мүлкін иесіздендірмей-ақ, жаңағы үйдегі пәтерге ие болыпты. Жер ресурстары жөніндегі облыстық басқармасының төрағасы С. Нұрғалиев болса екі бірдей пәтерін баласына беріп, өзі жаңа пәтерге көшкен» деп жазды «Экспресс К» газеті.
XS
SM
MD
LG