Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.23.2006 жыл.


Сенбі күнгі баспасөз жұмыс бабымен Қазақстанда жүрген Ресей делегациясының Н.Назарбаев пен В.Путиннің қазан айындағы кездесуін пысықтауға келгендігі туралы жазыпты. Сонымен бірге басылымдар әкімдерді жанама сайлау халыққа не береді деген сұраққа жауап іздесе, тағы бір газетте Шымкентте ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалардың отбасыларына материалдық көмек көрсетілетіндігі жазылыпты.

Қазақстан мен Ресей басшыларының қазана айынының басында Орал қаласындағы кездесуінде бірнеше маңызды құжаттар қабылданатындығы «Егемен Қазақстан» газетінде жазылыпты. «Бұл туралы Астана жұмыс бабымен келген Ресей үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Медведев мәлімдеген». - Қазан айының басында Орал қаласында өтетін шекаралас аймақтардың губернаторларының жиынына екі мемлекеттің басшылары қатысады. Бірқатар құжаттарға қол қойылады деп жоспарланған. Жалпы, Ресей мен Қазақстан бір-біріне экономикалық және стратегиялық сенімді әріптес саналады, - деді Дмитрий Медведев “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатында.

Қазақстан басшысы Ресейден келген қонақты Ақ ордада қабылдағандығы туралы “Айқын” газеті былай деп баяндапты: “Бір қарағанда, дәстүрлі ресми шаралардың бірі болып көрінгенімен, шын мәнінде, бұл кездесудің үлкен саяси мәні бар еді. Осы себепті Ақ Ордадағы жеке жүздесу толығымен «жабық есік» жағдайында өтіп, хаттамадағы мерзім межесінен үш есе артыққа созылды”. “Ресей президентінің «жеке елшісі» рөлін атқарып жүрген Медведев мырза Нұрсұлтан Назарбаевқа да Путиннен көптеген «саяси сәлемдемелерді» ала келген, ал Нұрсұлтан Назарбаев алдағы қазан айының басында Орал қаласында өтетін екі ел басшысының шекаралық ынтымақтастық форматындағы кездесуіне дейін ол жобаларды ақыл таразысына тартып, саралап шықпақ” делінген “Айқын” газетінің мақаласында.

Сонымен бірге қыркүйектің 22-күні Астанаға Корея Республикасының үкімет басшысы Хан Мен Сук ханым келгендігі де баспасөз бетінде баяндалыпты. Кореядан келген қонақ Нұрсұлтан Назарбаевқа Корея Республикасының Президентінің шақыртуын табыс еткендігі “Егемен Қазақстан” газетінде айтылыпты. “Кездесуде екіжақты қарым-қатынастардың энергетикалық салада жақсы дамып келе жатқандығы атап көрсетілген. Әңгіме барасында Корея мен Қазақстанның гуманитарлық салада да ынтымақтастық жасауының келешегі зор екені сөз болыпты” деп жазды “Егемен Қазақстан” газеті.

Ал “Айқын” газеті болса Корея үкімет басшысының жеке өмірбаянына тоқталып өтіпті. “Оңтүстік Кореяның жаңа тағайындалған премьер-министрі Хан Мион Сук кезінде оппозициялық көзқарасы үшін 70-жылдары екі жарым жыл түрмеде отырған. Елге беделді Сук ханым Кореядағы үкімет басшылығына биылғы сәуірде тағайындалған. Ол – Кореяда биліктің осынша биік шыңына шыққан жалғыз әйел. Алғашқы шетелдік сапарларының бірін Қазақстанға жасауды жөн көрген ол Кореяның қазақстандық жоғарғы технологияларға қатысты ғаламат жобаларына қатысуға ықыласты екендігін мәлімдеді” делінген “Айқын” газетіндегі мақалада.

Оңтүстік Қазақстан облысында жаппай ВИЧ инфекциясының таралу оқиғасынан зардап шеккен отбасыларға материалдық көмек көрсетілетіндігі туралы “Комсомольская правда: Казахстан” газетінде айтылыпты. “Бұл туралы аталған облысқа әкім болып жаңадан барған Өмірзақ Шүкеевтің қатерлі дертті жұқтырған балалардың ата-аналарымен кездесуінде сөз болыпты. Әкіммен кездесуге жеті адам ғана келісім беріпті” делінген мақалада. Ата-налардың сөзін тыңдап болған соң облыс әкімі оларға қажетінше қаржы бөлінетіндігін, егер қажет болған жағдайда балаларды шетелде емдету жағын да қарастырып көретіндігін айтты” деп жазды “Комсомольская правда: Казахстан” газеті.

Оңтүстік Қазақстанның жаңа әкімі халық өкілдерімен кездесіп жатқанда, 144 адамның әкімдікке сайлануға дайын екендігі “Айқын” газетінде айтылыпты. “Қазанның 20-күні ауыл және қала әкімдерін жанама сайлауы өтеді. Бұған дейін жергілікті әкімдердің тікелей халықпен сайлануына қарсылығын білдірген сенатор Анатолий Башмаков аудан, облыс, қала әкімдері жанама сайлау арқылы тағайындалғандығы дұрыс деп айтқан еді. Саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек те «жанама сайлаудың халыққа берер артықшылығы барлығын» алға тартқан. – Жанама сайлау ауыл халқының жікке бөлінуіне, лас саяси технологияның қолданылуына жол бермейді, - депті саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек «Айқын» газетіне берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG