Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.11.2006 жыл


Жұма күнгі баспасөз Қазақстанда мүлікті жарты жылдың ішінде заңдастырып үлгеру мүмкін емес екендігін жазды. Теңгенің тез құлдырағаны да басылымдар назарында болса, тағы бір газет Семей және Нагасаки қалалары арасында өткен телекөпірге мән беріпті.

Парламент қабырғасында екі жыл талқыланған «Мүлікті заңдасттыру туралы» заңның күшіне енгеніне бір ай уақыт өткендігіне «Караван» газеті мән беріпті. «Бірақ халық мүлігін заңдастыру жөніндегі өтініштерін енді бастап өткізе бастады. Бұл процесті жолға қою үшін биліктің бір ай уақыты кетті. Ал мүлікті заңдастыруға қатысты акция осы жылдың аяғында бітуі тиіс» делінген мақалада. «Тағы бір қынжылдыратын мәселе – халық Сейшел аралдарындағы виллаларын емес, кіші-гірім баспаналары мен дачаларын заңдастыруға өтініш беріп жатыр. Тіпті, шұбалаңды кезек пайда болыпты. Жыл аяғына дейін үлгере ме екен? Жоқ, үлгермейтін секілді» деген болжамды «Караван» газеті жазыпты.

Әділет министрлігі тіркеу қызметі комитетінің төрағасы Халел Оспанов «Известия: Казахстан» газетіне берген сұхбатында Қазақстанда бір жарым миллиондай тіркелмеген нысандар бар екендігін айтыпты. Ал соның бір миллионнан астамы тұрғын үйлер екен. Акцияның басты мақсаты – сол нысандары экономикалық қарым-қатынасқа қосу. «Заңдастыру тәртібі мүліктің түріне қарай жүргізіледі. Егер мүлік Қазақстан аумағында болса, онда жергілікті әкімшіліктің тіркеу комитетіне арыздану керек. Сонымен бірге мүлікті заңдастыру әрекеті бір рет қана жүргізіледі» деп түсіндіріпті Тіркеу комитетінің төрағасы Халел Оспанов «Известия: Казахстан» газетіне берген сұхбатында.

Бұл акция барысында мүлікпен қатар қаржы да заңдастырылатындығына «Литер» газеті мән беріпті. «Құнды қағаздарды заңдастыруға қатысты бұған дейін жүргізілген акция барысында 480 миллион доллардан астам қаржы республика экономикасына оралған болатын. Бұл шара әзірге Шығыс Қазақстан облысында да жүзеге аспай жатыр. Қазіргі таңда заңдастыруға байланысты акция басталғалы бері Алматы қаласында кәсіпкерлер тарапынан ешқандай өтініш келіп түспепті» делінген «Литер» газетіндегі мақалада.

Бұл уақытта қаржы нарығында теңгенің құны аз уақыттың ішінде айтарлықтай түсіп кеткендігіне «Деловая неделя» газеті мән беріпті. «Жыл басында долларға шаққанда теңгенің нығаюын мамандар Қазақстанға халықаралық валютаның көптеп келе бастағанымен түсіндірген болатын. Қазір де айтарлықтай ештеме өзгермеген. Мұнай бағасы да рекордтық көрсеткішке жақындап қалған. Соған қарамастан доллар өткен аптада 2 теңгеге қымбаттаса, тамыздың 10-күні шамамен 4 теңгеге өскен. Теңгенің құлдырауына сыртқы инвесторлардың валюта рыногына әсер етуі немесе қаржы базарының ірі ойыншыларының өзара келісіп алуы секілді себептер әсер етуі мүмкін» деген болжам жасапты «Деловая неделя» газеті.

Осы тақырыпқа орай жазған мақаласында «Известия: Казахстан» газеті доллардың қымбаттауымен қатар евроның құлдырау мүмкін екеніне мән беріпті. «Мамандардың пікірінше, америка валютасының қымбаттауына Ұлттық банк әсер еткен болуы мүмкін, оған екінші деңгейлес банктер де қосылуы ғажап емес. Бұл уақытта евро бағасы 158 теңгеге көтеріліп, ең биік шыңына жеткен. Сарапшылардың айтуынша, евроның әрі қарай қымбаттай беруі мүмкін емес» деп жазды «Известия: Казахстан» газеті.

«Комсомольская правда: Казахстан» басылымы Семей қаласы мен Нагасаки тұрғындары телекөпір арқылы бір-бірімен сөйлесе алғандығы туралы баяндапты. Бұл телекөпір Жапонияның Нагасаки қаласына тамыздың 9-күні атом бомбасы тасталғанына 61 жыл толуына орай ұйымдастырылыпты. «Екі жақтың тұрғындары жойқын қарудың қандай зардап әкелгендігі туралы пікір алмасты» делінген «Комсомольская правда: Казахстан» газетіндегі мақалада.
XS
SM
MD
LG