Accessibility links

Әйелдердің жасанды түсік жасату мәселесі АҚШ қоғамында пікірталас туғызып отыр


Әйелдердің жасанды түсік-аборт жасатуын денсаулық проблемасы деп есептейтін Европаға қарағанда, АҚШ-тың ішкі саясатында бұл мәселе талайдан бері пікірталас пен түрлі көзқарастардың өзегіне айналып келеді

АҚШ-тың Жоғарғы соты 1973 жылы арнайы заң арқылы абортты заңдастырған болатын, алайда оған қарсылық білдірушілер әрдайым да табылатын. Енді Американың бір штаты өз территориясында әйелдердің аборт жасатуына тиым салатын заң қабылдады, мұның өзі осы тұрғыдағы бүкіл ұлттық науқанның бастауы болуы да мүмкін.

АҚШ-тың орталық аймағындағы тұрғындары сирек, шашырай орналасқан Оңтүстік Дакота штатына әрдайым да көңіл аударыла бермейді, ол бір назардан тыс жатқан ауылшарушылықты аймақ десе болады. Міне, осы Оңтүстік Дакота штатының орталығы Пирр қаласына дүйсенбіден бастап, мерзімді басылымдар мен былайғы көп жұрттың назары ерекше аударыла бастады. Оған осы штаттың губернаторы республикандық Майкл Рондстың аборт жасатуға қарсы заңды мақұлдап, қол қойғаны себеп болды.

Аталған заңды алдымен Оңтүстік Дакота штатының заң шығарушылары қарап, мақұлдаған болатын. Онда аборттың әйел денсаулығына келтірер түрлі зиянымен қатар ол сайып келгенде ана өміріне қауіп тудыратындығы айтылған.

Оңтүстік Дакота штатының губернаторы, қабылданған заңның бір маңыздылығы - Американың 1973 жылы абортты заңдастырған федералдық заңымен қайшылықта болуында дей келе, әлі жарық дүниеге келмеген сәбиді де қорғау керек деп атап көрсеткен. Мұндағы ең бір үлкен сұрақ - Жоғарғы сот 30 жылдан бері қолданылып келген заңды жоққа шығаратын мұндай заңды қарауға келісе ме, жоқ па, мәселе сонда жатыр. Йелл университетіндегі Конституциялық заң профессоры Джек Балкин бұл мәселені Жоғарғы сот көтере қояды деп ойламайды.

- Егер аталған мәселені Жоғарғы сот қарайтындай болса, онда саясатта бірқатар толқулар туғызып және ол Жоғарғы сот бұрынғы заңды қайта бір қараудан өткізеді дегенді аңғартқан болар еді. Мен Жоғарғы сот бұл сияқты істерді өзінен төменгі тұрған соттардан алдыртып қарайды деп ойламаймын, - дейді профессор Д.Балкин.

Ұлттық аборт федерациясының преизденті Вики Сапорта Балкиннің айтқандарымен келіседі.

- Мұнда бұны Жоғарғы сот қарауға ала ма деген сұрақ анық болып қала береді, өйткені мұынң өзі Жоғары соттың қазіргі жағдайында конституциялық емес екендігі түсінікті. Сол себепті де біз бұған Жоғарғы сот назар аударады деп міндетті түрде күткеніміз жоқ. Әйелдердің өз өмірі жайында шешім қабылдауды олардың өздеріне қалдыруға тырысайық, - дейді Сапорта.

Сапортаның айтуына қарағанда, заңның өте төтеншелігі сонда, оның талаптары Оңтүстік Дакотаның өзіндегі қоғамдық пікірлерге де қарама-қайшы екен. Ал Отбасылық зерттеулер кеңесінің атқарушы вице-президенті Чак Донован "Вашингтон Постқа" берген сұхбатында өз тобы Оңтүстік Дакота штатының бастамасына қолдау танытпайды, өйткені оны Жоғарғы соттың қарауы екіталай дегенді айтады. Ол абортқа жол бермеу арқылы ұлттық стратегиялық саясатты жасауға болады дегенге қоғамда қосылмайтындар көп деп атап көрсетеді.

Ал Балкин болса, аборт жасатуға деген заңды хұқ үшін күрес бірте-бірте жүзеге асырылуы керек деген ұсыныс айтады. Балкиннің бұл кеңесінің 1985 жылы президент Рональд Рейганның әкімшілігінде сот төрешісі болған Самуел Алитоның айтқандарына ұқсастығы аңғарылады.
XS
SM
MD
LG