Accessibility links

Ресей Грузиядағы екі әскери базасын 2008 жылдың соңында әкетеді


Мұндай келісіме келгендері туралы Мәскеу мен Тбилиси дүйсенбі күні жариялады. Сөйтіп, 1999 жылдың желтоқсанында Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Мәскеудің бұрынғы Совет одағының иелігінде болып келген Оңтүстік Кавказдағы барлық төрт базаны босатуын талап еткенде бастау алған айтыс-тартыс шешілді деуге болады.

2001 жылы Ресей екі базаны босатқан болатын. Бірақ, қалған екі базаның тағдыры белгісіз болып, төрт жыл бойына Мәскеу мен Тбилиси арасында шиеленісті қарым-қатынасқа негіз болып келген еді.

23 мамыр күнгі "Комсомольская правда" газетінде журналистерге қаратып айтқан сөзінде Ресей президенті Вл. Путин Грузиядағы екі әскери базаны бұдан әрі ұстап тұру туралы ойламайтындығын, ол жөнінде енді үміттенбейтінін айтқан болатын.

- Біздің Грузиядан кететініміз жақсы ма, жоқ жаман ба? Жалпы айтқанда, қауіпсіздік саласындағы мүдделерімізді қорғау мәселесінде ол біз үшін аса бір қажеттілік тудырмайды, бұл менің пікірім емес, бұл Ресей әскері Бас штабының көзқарасы,-деп атап көрсетті Ресей президенті.

Сонымен қатар Путин Грузиядағы әскери базаны шығару болашақта Мәскеудің бұрынғы Кеңес одағы тұрғысындағы ықпалын азайта түсетініне өкінгендей сыңай білдірген болатын. Бұл жағдайда дүйсенбі күні қол жеткізілген келісімдер ешқандай таңғаларлықтай болған жоқ.

Өйткені, бұған қосымша айта кететін тағы бір нәрсе, АҚШ президенті Дж.Буш осы айдың бас кезінде Тбилисиде болған сапарында өз одақтасы Грузияны Кремлмен теке-тіреске бармай, базаларын алып кетуі жөнінде келісімдерге келуді жалғастыра беру турасында өтінген болатын. Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Иванов осы айдың басында Грузиядағы әскери базаларды шығаруға шамамен осы келісімде қол жеткізілгендей уақыт сұраған еді, енді солай болғанына Ресей әскерилері бір жағынан қанағаттанған сыңайлы.

Мәскеудегі Ғаламдық зерттеулер институтының саяси талдаушысы Антон Суриков дүйсенбі күнгі шешімдер тараптардың екі жағына да тиімді деген көзқарасын білдірді Азаттық радиосына берген сұхбатында.

- Менің ойымша, бұл Ресей үшін де, Грузия президенті үшін де жеңіс болып табылатын, ақылға сиымды шешім екендігі даусыз. Бір жағынан алғанда Грузиядағы Ресей базаларын біздің халықаралық міндеттемелерімізге сәйкес алып кету керек болатын. Оны іске асыру үшін Ресейге қажетті төрт жыл берілді, міне, бұл жеткілікті. Екінші жағынан алғанда, Грузия президенті бұл шешімді өз үлесіне жазуына болады, - дейді Антон Суриков.

Сонымен, дүйсенбіде қол қойылған келісімде, бұдан бұрын айтылғандай, Ресей әскерлері кеткен соң Грузия жерінде шетелдік әскерлердің орналасуына рұхсат етпеу туралы нақты қайталанбаған. Ресей мұндай шарттың болуын және Грузия парламентінің сондай заң қабылдауын алдын-ала талап еткен болатын-ды. Бірақ, Тбилиси оны қабылдамады.

Талдаушы А.Суриков ондай кепілдік болмаған жағдайда, Ресей әскерлері кеткен соң бұл жерге НАТО күштері сияқты әскерлердің орналасуы мүмкін деген ой айтады:

- Мен уақыт өте келе Грузияның іс жүзінде НАТО-ға қосылатындығына күмәнданбаймын, сөйтіп, мұнда басқа әскерлердің орналасуы мүмкіндігін жоққа шығармаймын. Бірақ, онда тұрған ешнәрсе жоқ деуге болар еді, дегенмен, ол Ресей мен оның азаматтары үшін жағымды жайт бола қоймас.

Дүйсенбіде қабылданған бұл келісімдер алдағы уақытта Грузияда да кейбір өкінішті ойлар туғызуы мүмкін. Ресей өзінің Грузиядағы екі базасы әскери күштерді оқытып-үйретуде, террорға қарсы күресте бірқатар маңызды шаралар атқаруда деген ойда болып келген.

Президент Саакашвилидің баспасөз өкілі сейсенбі күні Ресей мен Грузияның болашақтағы террорға қарсы бірлескен орталығы турасында келісімдерде ешқандай сөз болған жоқ деп айтты. Ал сыртқы істер министрі Зурабишвили бұл мәселе әлі де күн тәртібінде тұр деген.
XS
SM
MD
LG